Банктер әлі де 1 трлн берешегін қайтармай отыр

323

2017 жылы Қазақстандағы банктер қаржыға біраз кенелді. 

Банктер әлі де 1 трлн берешегін қайтармай отыр Фото: finance.ua

Себебі Ұлттық банктің бастамасымен Банк секторын тұрақтандыру бағдарламасы аясында оларға төмен пайызбен несие берілді. Қазақстандық тұрақтылық қоры арқылы берілген қарыздың несие деген аты болмаса, шарттары көмек іспетті.

Жалпы, банктер бұл қаражатты 15 жылға бар болғаны 4% жылдық мөлшерлемемен алған. Бірақ олардың кейбірі несиенің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтарып жатыр, ал кейбірі толық өтеу мерзіміне дейін ұстап қалуды жөн көріп отыр.

Бұрын мемлекеттен 244 млрд теңге қарыз алған Bank RBK биыл наурызға дейін 30 млрд теңгесін қайтарып үлгерген. Қалған қарызы 214 млрд теңгені құрап отыр.

Ал Банк ЦентрКредит (БЦК) кезінде 60 млрд теңге алған. Былтыр желтоқсанда оның 20 млрд теңгесін өтесе, жыл басында тағы 10 млрд теңгесін жауып, тамыздың 30 млрд теңге құйып, қаржыны толық өтеп үлгерді. Негізі бұл банк өткен жылдан бастап-ақ қарызды толығымен жауып тастау жайын ойластырған еді.

150 млрд теңге алған Еуразиялық банк әлі күнге дейін 1 тиын да төлемеген. Оның алдын ала қайтару жоспары жоқ. Сол секілді "Нұрбанк" те 30 млрд теңгесінің ешбір бөлігін өтемеді.

Дегенмен бұл банктердің алған көмегі Jusan Bank-тің жанында ойнамай қалады. Аталған ұйым басқа банктермен салыстырғанда жағдайы ерекше болып тұр. Қаржы институты Банк секторын тұрақтандыру бағдарламасы аясында ғана емес, қосымша бірнеше мемлекеттік қолдау шараларын алған.

Бағдарлама аясында "Цеснабанк" пен АТФ Банк алған қарыздар кейін Jusan Bank иелігіне өтті. Бұл қаржы басқа банктер сияқты 4% мөлшерлемемен берілгенімен, кейін Jusan Bank үшін қарыздар тегін қаржыға айналып кеткен. Кезінде мемлекет "Цеснабанктің" проблемалық несиелерін сатып алу арқылы оған 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлген. Бұл сатып алу-сату мәмілесі болғандықтан, қаражат қайтарылмайды.

Сонымен қатар Jusan Bank-тің балансында 859 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қаражаты бар, оны банк 2045 жылға дейін пайдалануға құқылы. Дегенмен баланста көрсетілген қарыз көлемі дисконттауға байланысты едәуір төмен.

Jusan Bank бұл қаржыны мерзімінен бұрын қайтаруды жоспарлап отырған жоқ. Банк өкілдері "мемлекет алдындағы барлық міндеттеме жасалған келісімдерге сәйкес толық орындалуда" деп мәлімдеген. Ал бұл кезде Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлерінің бірі Вячеслав Ким Jusan Bank-ті сатып алуға рұқсат алып қойды. Биліктің бұл келісімге келісуі үшін мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтарсын деп шарт қоюы ықтимал.

Жалпы, 2017 жылы 5 банк мемлекеттен 1,4 трлн теңге қарыз алды. Қаржы нарығын реттеу комитетінің мәліметінше, соның 400 млрд теңгеден астамы ғана өтелген. "Мемлекет онсыз да еселеп пайда тауып жатқан банктерге бұл көмекті неге берді?" деген сұрақ туындауы заңды.

– 2017 жылғы дағдарыстан кейін банктер қаржы қысымында қалды. Қаржы ұйымдары құлдыраған жағдайда депозит иелерінің қаржысы күйіп кетуі мүмкін еді. Төлем жүйелері бұзылып, бизнес пен халыққа несие беруді тоқтату қаупі де туындай бастады. Бұл жағдайда мемлекет банктерді құтқару үшін бәрібір шығынға ұшырар еді. Сондықтан жеңілдетілген қаржыландыру банк жүйесін құтқаруға негізделген антидағдарыстық қадам саналады, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Дегенмен бір түсініксіз тұс бар. Банктер мемлекеттен қарызды бар болғаны 4 пайыз жылдық мөлшерлемемен алды да, халыққа берілетін несиенің пайызын түсірген жоқ. Қазір тіпті Қазақстан экономикасына берілген кредиттердің мөлшері 46,7 трлн теңгеден асты. Кейінгі 1 жылда несие мөлшері 23,8 пайызға артып отыр. Оның 25 трлн теңгесі – қарапайым халықтың алған қарызы.

– Иә, бұл экономикаға жанама түрде пайдасын тигізді. Банктер банкротқа ұшырамай, халықтың депозитіне кепілдік сақталды. Несие берудің толық тоқтап қалуына жол берілмеді. Қаржы нарығы тұрақтанып, ұлттық валютаға сенім сақталды. Бірақ кемшіліктері бар, мәселен, банктер халыққа беретін несиенің пайызын төмендетпеді. Құтқару қадамы салық төлеушілердің есебінен болды да, пайда коммерциялық банктердің қолында қалды, – деп сөзімізді нақтылады сарапшы.

Дегенмен биыл көп өзгерістің бірі осы банк секторына байланысты болды. Жақында Қазақстан Үкіметі дағдарыс кезінде банктерді бюджет қаржысы есебінен құтқаруды тоқтатуды мақсат ететінін хабарлады. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" жаңа заң жобасына осындай өзгеріс енгізілмек.

Жаңа заң жобасын талқылау барысында Мәжілістің төраға орынбасары Дәния Еспаева банктердің қаржы жағдайын қалпына келтіру енді олардың өз жауапкершілігінде болатынын атап өтті. Бұған дейін мемлекет проблемалық банктерді қолдауға бірнеше рет араласқан болатын. Заң жобасына сәйкес, мемлекет тек жүйелік маңызы бар банкке ғана көмек көрсете алады. Бұл мәртебені Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі анықтайды. Сонымен қатар берілген қаражат міндетті түрде банктердің арнайы жарналары есебінен қайтарылмақ.

Маңызды талаптардың бірі – мемлекет алдындағы қарызын толық өтемейінше, банктердің акционерлеріне дивиденд төлеу немесе топ-менеджерлеріне сыйақы бөлуге қатаң тыйым салынады. Бұл шаралар банктердің өз қаржы тұрақтылығын нығайтуға ынталандыруды көздейді. Экономист Бауыржан Ысқақов Үкіметтің бұл тосын шешіміне қандай жағдай әсер еткенін айтып берді.

– Қазір қолдауды неге алып тастауда? Себебі сектор әлсіреп тұрған кезең өтті, банктер қайтадан пайдаға кенеле бастады. Мемлекет банктерді емес, нақты өндіріс секторын қолдауға көңіл бөліп жатыр. Қорытындылар болсақ, 2017 жылғы көмек – қысқамерзімді шара ретінде дұрыс, бірақ ұзақмерзімде әділетсіз шара болуы мүмкін. Банктер несие пайызын төмендетпей, артықшылықты өз пайдаларына қолданды. Қазіргі қолдауды нарықтың тепе-теңдікке оралу деп бағалауға болады, – деп түйіндеді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу