Десе де, ол екінші деңгейлі банктерге тұрғындарға ипотека беруді тоқтату туралы тапсырма бермегенін нақтылап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сүлейменовтың сөзінше, жұмыстар қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін, тұтынушылар құқығына сай атқарылып жатыр.
– Сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі деген түсінік бар. Бұл – Ұлттық банк пен агенттіктің (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) бірлескен шешімімен қабылданатын арнаулы құрал. Қаржы ұйымдары белгіленген шектен жоғары мөлшерлемемен несие бере алмайды. Тәуекелдер теңгерімін, қаржылық тұрақтылықты және тұтынушылардың құқығын қорғауды ескере отырып, біз ипотекалық займдар бойынша мөлшерлеме 20 пайыздан аспауы тиіс деген бірлескен шешім қабылдадық. Өйткені, 20 пайыздан жоғары ипотека – ауыртпалық. Адам 10-15 жылға 20 пайызбен несие алғанда артық төлемі өте қомақты болады, – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов екінші деңгейлі банктердің тұрғындар үшін ипотека беруді тоқтату туралы тапсырма алуы мүмкін емес екенін айтады. Яғни, банктердің өзі-ақ мұндай жоғары мөлшерлемемен берілген ипотека қарыз алушының төлем жасай алуына кедергісін тигізетінін біледі.
Ұлттық банк төрағасы азаматтарға "Отбасы" банк бағдарламасын қарастырып көруге кеңес берді.
– Егер қарапайым сөзбен айтар болсақ, мөлшермесі 20 пайыздан асатын ипотека – өте ауыр құрал. Оған үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Сол себепті, мөлшерлеме әзірше жоғары болып тұрған кезде ең дұрысы тұрақты жұмыс істеп тұрған "Отбасы" банк құралдарын пайдаланған жөн сияқты. Оның портфелі өсіп, цифрландыру қарқынды дамып келеді. Ашық бағалау жүргізіледі әрі өнімдері де бәріне қолжетімді. Мұнан бөлек, орталық та, өңірлік те деңгейден өзге де бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, – деп сөзін қорытындылады Тимур Сүлейменов.