Ол жаңа заң жобасында банк қызметтерін сапалы ететін тетіктер қарастырылғанын да айта кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында Заңды осы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырған болатын. Яғни, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру жөнінде де қосымша міндеттер қойылды.
– Айта кету керек, тек қана соңғы 5 жылда Банктер туралы Заңға 31 заңмен өзгеріс енгізілді. Оның арасында, осы сайланым аясында ғана біз бірлесіп 800-ден аса түзету енгіздік, сол арқылы қарыз алушылардың құқықтары күшейтіліп, банктер мен ұялы байланыс операторларының жауапкершілігі артты. Олар қарыз алушы азаматтарымыздың құқығын қорғауға, қарыз жүктемесін азайтуға және несиелік алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған, – деді Д.Еспаева.
Парламент Мәжісіндегі банк қызметі туралы заң жобасының таныстырылымында көптеген маңызды мәселе сөз болды.
– Банктердің нақты секторға несие бөлуге қатысу деңгейінің төмендігін Стратегиялық жоспарлау агенттігінің деректерінен байқауға болады. Мәселен, Қазақстанда 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 19,4 трлн теңгені құрады. Қаржыландыру көздерінің құрылымында инвесторлардың меншікті қаражаты басым, яғни 64% немесе 12,5 трлн теңге. Бюджет қаражатының көлемі 4,1 трлн теңгені (21,2%), тартылған қаражат 2 трлн теңгеге жетті, оның арасында банктерден алынған несиелер небәрі 3,8% немесе 741 млрд теңгені құрайды. 10 жылда қарыз қаражатының үлесі 3 есеге (31,4-тен 10,6%-ға дейін) азайды. Осылайша, екінші деңгейлі банктердің негізгі қорларға несие бөлуге қатысу деңгейінің төмендігі байқалып отыр, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.