Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" жаңа заңның жобасын әзірледі.
Мәдина Әбілқасымова басқаратын ведомствоны бұған "қазіргі экономикалық жағдайлар мен қаржы нарығын дамытудың міндеттері" итермелеген екен. Шынында солай ма?
Жаңа заң жобасына сәйкес, бұл қаржылық институттар тек банктік қызметтер мен операцияларды ғана орындауға міндеттейтін шектеуден құтылады. Банктер енді технологиялық компанияларды, агрегаторларды, маркетплейстерді, түрлі сервистерді жұтып қояды және "қақалмайды". Өйткені заңның өзі соған рұқсат ететін болады.
"Банктік реттеу енді цифрлық қызметтердің, электрондық платформалардың және экожүйелердің ерекшеліктерін есепке алуы қажет. Сондай-ақ, банктерді қаржы-технологиялық компаниялармен теңестіріп, олардың бәсекелестік позицияларына қолдау көрсету үшін заңнаманы бейімдеу талап етіледі", – деп дәйектеді бұл өзгерістерін агенттік.
Оның байламынша, ірі банктер дәстүрлі банктік қызметтермен шектелуден аулақтап, ақпараттық технологияларды белсенді ендіруге қарай біртіндеп ауысып жатыр. Нәтижесінде, олар IT-шешімдер нарығының негізгі қатысушыларының біріне айнала бастады.
Банктердің кросс-секторлық қаржылық және қаржылық емес сервистерді шоғырландыруы, экожүйелер аясында деректермен және ақпаратпен белсенді алмасу үшін платформалық шешімдерді енгізуі –цифрлық инновациялар саласындағы жаңа үрдіске айналды.
Қаржылық реттеушінің ұстанымынша, тура 30 жыл бұрын қабылданған салалық заңнама былтыр ғана жаңғыртылғанымен, бәрібір банктердің бұл бағытта дамуына тосқауыл болып отырған көрінеді. Банкирлердің өздері соған шағымданыпты.
Атап айтқанда, заңнама қаржы ұйымдары қызметінің рұқсат етілген түрлерін шектейді. Сондай-ақ, олардың өзге салаларда қызметін жүзеге асыратын төл компанияларын қаптатып құруына немесе нарықта бар бизнестің акцияларын, қатысу үлестерін жаппай иеленуіне қатысты біраз шектеу қояды.
Сондықтан Әбілқасымованың командасы жаңа заңмен банктерге онлайн сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін компанияларды құру және олардың капиталына қатысу құқығын беруге ұйғарды.
Осылайша, банктер триллиондаған теңге ақша ағындаған қаржы теңізіне тікелей шығады. Бұған дейін осы жолда қойылып келген кедергілер құлатылады.
Мысалы, адамзаттың жоғары технологиялық болашағын құрып жатқан "fintech" секторын қоспағанның өзінде, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ішкі нарықтың жалпы саудасындағы бір ғана электрондық коммерцияның үлесі 12,7%-дан асты. Осы қомақты "майшелпек" кейін банктердің қанжығасында кетуі мүмкін.
Электрондық коммерция платформалары, маркетплейстер арқылы жүргізілетін бөлшек сауда айналымы 1 триллион 767,6 млрд теңгеден артты.
Бұдан бөлек, төл тауарларын өз интернет-дүкені арқылы сататын компанияларының бөлшек сауда айналымы 672,2 миллиард теңгені немесе электронды коммерциядағы үлесі 27,6%-ды құрады.
Қазіргі кезде түрлі маркетплейстер мен интернет-дүкендерде миллиондаған қазақстандық отыр. Ал, банктер мұнша қалың нөпір клиентімен мақтана алмайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2024 жылғы қазандағы жағдай бойынша банктердің онлайн сервистерін белсенді пайдаланушылардың жалпы саны 24 750 адам ғана. Қалғандары – миллиондаған тұтынушы мобильді банк қосымшаларын депозитіндегі қаржысының қозғалысын бақылау немесе ақша аудару сияқты қарапайым банктік қызметті жүзеге асыру үшін ғана қолданады.
Банктер ұсынатын өзге қызметтерді пайдаланушылар көп емес және қатары жыл сайын серпінді түрде ұлғайып жатқан да жоқ: бір жыл бұрын, 2023 жылғы қазанда 20 019,8 клиентті құраған.
Бұл ретте екінші деңгейдегі банктер интернет-банкингті, мобильдік қосымшаларды және IT-технологияларды дамытуға салмақты инвестициялар салып жатыр. Ол инвестициялары ақталатын емес. Осы орайда банкирлерге Қаржы нарығын реттеу агенттігі көмекке келіп, олар асатөк табыс табуы үшін ұлттық заңнаманы өзгертуге кірісті.
"Электрондық сауданың көлемі де, пайдаланушыларының саны да еселеп өсуде. Ал, банктерде қажетті инфрақұрылым мен білікті қызметкерлердің бар екенін назарға ала отырып, банктер мен банк холдингтеріне қаражатын өзге салаларға, финтех-компанияларға инвестициялауына мүмкіндік беру керек. Сонда олар электрондық сауда алаңдары мен интернет-платформалар, биометрия, ақпараттық қауіпсіздік саласында қызметін жүзеге асыра алады. Бұл қаржылық технологиялардың қолжетімділігін арттырады. Бәсекелестікті ынталандырады және қаржы-технологиялық өнімдер мен сервистерді құруға мүмкіндік береді", – деген сенімде агенттік сарапшылары.
Ведомство егер Парламент бұған келіспесе, жағдай қиын болады дегенге келтіріп, қорқытып қойды. Өйткені оның болжамынша, бұл елдегі "инновациялық әлеуеттің төмендеуіне" соқтырады.
"Банктердің фин-тех ұйымдардың капиталына қатысуына тыйым салу жаңа технологиялар мен сервистердің дамуын шектейді. Бұл қызметтер нарығының дамуын айтарлықтай баяулатады. Екіншіден, отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Фин-тех стартаптар саны өсуде. Егер 2018 жылы саны 50-ге жуық қана болса, 2024 жылы 4 есе өсіп, 200-ден асты. Жеткілікті инфрақұрылымы мен ресурстарының болғанына қарамастан, банктердің қаржы-технологиялық компаниялардың капиталына қатысуы шектелген", – делінген агенттіктің жаңа заңға қатысты консультативтік құжатында.
Әзірге банктер туралы қолданыстағы заңның 8-бабында банктер үшін – банктік емес қызметті жүзеге асыруға, ал, банк холдингтері үшін – кейбір заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерін немесе акцияларын иелену бойынша жекелеген ерекше жағдайлармен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынған.
Салдарынан, банктердің қожайындары жоғары технологиялар, фин-тех және басқа салаларда мүлдем басқа компания құруға мәжбүр. Олар банктердің акцияларының өсуіне ықпал ете алмайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері солай болып келді. Енді осы тарихи тыйым жойылғалы тұр.
Бұл бетбұрыс елге қауіп әкелуі мүмкін екенін заңжоба бастамашысы да жоққа шығармайды. Егер маркетплейстер, финтехкомпаниялар және басқасы тікелей банктердің басқаруына көшсе, біріксе, онда олардан азаматтардың деректерінің ұрлануы күшеюі ықтимал.
Өйткені алаяқтардың көбі банктердің дерекқорларын пайдаланатыны, солардың төл қысқа нөмірінен халыққа хабарласып, сазға отырғызатыны құпия емес.
"Қаржы-технологиялық қызметтерді әсіресе, төлем жүйелері, кредит беру және инвестициялық платформалар сияқты салаларға енгізу жүйенің кибер-шабуылдарға осалдығын арттыруы мүмкін. Хакерлер пайдаланушылардың ақшасын және дербес деректерін ұрлау үшін банктер мен қаржы-технологиялық стартаптарға қатар шабуыл жасай алады. Сондай-ақ пайдаланушылардың дербес деректерінің үлкен көлемі, соның ішінде жеке және қаржылық деректері де фин-тех сервистер жұмысының аясында алаяқтарға қолжетімді болуы мүмкін", – делінген қаржылық реттеуші қорытындысында.
Қаржы-технологиялық компаниялар блокчейн, жасанды интеллект немесе API-интерфейстер сияқты ең жаңа технологияларды қолданады. Бұлар енді банк жүйесінде жаңа сипаттағы техникалық ақаулар, түрлі олқылық-осалдықтар тудыруы ықтимал.
Құпиялылықты бұзу және клиенттер деректерінің жаппай таралып кетуі ақыры фин-тех және басқа компанияларға санкциялардың салынуына, беделден айырылуына және нарық қатысушылары үшін заңгерлік тәуекелдерді қоса алғанда, өзге де елеулі салдарларға әкелуі мүмкіндігі ескертілді. Бұл енді осы заңды қабылдайтын депутаттарға құлаққағыс.