Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде "Барыс" жарысты аяқтауға таяу секілді. Гагарин кубогының 2-раундында астаналықтар Магнитогордың (Ресей) "Металлург" командасына қатарынан үшінші матчта есе жіберді. Қазір сериядағы есеп "Металлург" пайдасында – 3:0. Енді "Барыстың" еңсе көтеруі тіпті мүмкін еместей көрінеді.
Сырт алаңда 2 рет (0:4 және 4:5) ұтылып келген соң, астаналықтар өз айдынындағы алғашқы матчта есе қайыруға барын салды. Алайда екінші кезеңде өз қақпасына қарымтасыз 2 шайба жіберіп, жағдайын одан әрі қиындатты. Шешуші кезең басталғанда Дастин Бойд есеп айырмасын қысқартқанымен, 47-55 минуттар аралығында Мозякин, Коварж және Зарипов тағы да мергендік танытып, "Металлургтың" жеңісін мейлінше жақындатты. Ойын соңына қарай сәл босаңсыған қонақтар қақпасына Д.Бойд тағы 2 шайба енгізгенімен, бәрібір жеңіс "Металлург" қанжығасында кетті – 3:5.
Келесі кездесуін "Барыс" 15 наурызда Астанада өткізеді. Осы ойында есеп айырмасын қысқартпаса, Гагарин кубогымен қоштаса бермек.
ҚХЛ тарихында бір команда алғашқы 3 кездесуде ұтылып, кейін серияда 4:3 есебімен жеңу оқиғасы 2014/15 маусымында болды. Мәскеудің ЦСКА-нан 3 кездесуде ұтылса да, СКА (Санкт-Петербург) содан кейін жердің астын үстіне келтіріп, жеңісті жұлып әкетті. Дегенмен бұл тамаша нәтижені қайталу қазір "Барыстың" қолынан келмейтін сияқты.
"Металлург" шабуылшысы Данис Зарипов астаналықтардың қақпасын меншіктеп алғандай. Ол серияның 3 кездесуінде де "Барыс" қақпасына гол соқты. Екінші және үшінші кездесуде Зарипов Хенрик Карлсон қорғаған қақпаға хет-трик жасады. Сөйтіп, 3 матчта 7 гол соғып, "Барысты" тұқыртуға өлшеусіз үлес қосып келе жатыр.
Есіл Еркебай