Бәрібір бірінші. Жақсылық жайлы жазғанда

4235

Даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 2 тамыз күні дүниеден озды. 

Бәрібір бірінші. Жақсылық жайлы жазғанда

Қателеспесем, 2009 жыл болуы керек, Алматы қаласына баскетболшы Әлжан Жармұхамедов келді. Спорттан қатты хабары бар адамға бұл аңыз адам ғой. Ал қарапайым жай студент пен спортсүйер қауым үшін Әлжан аға әлі де жұмбақ тұлға еді. Қайрат Закириянов шақырту жіберіп, Спорт академиясының залында Жармұхамедовпен кездесу өтті. Қаумалап барлығымыз, жан-жақтан ағылып жатырмыз. Зал іші ендігі лық толыпты. 

- Бұл кісі сонда кім? 

- Олимпиада чемпионы болған тұңғыш қазақ осы кісі екен ғой, деп жатты сонда қалың студент. Спортқа енді аяқ басып келе жатқан жастардың өзі бір сәтке осы тұста Жақсылық Үшкемпіровті естен шығарып алды. Бір кезде жиын басталып, сахнаға Әлжан Жармұхамедов шықты. Жүргізуші аузы-аузына жұқпай: "Қарсы алыңыздар, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы - Әлжан Жармұхамедов!". Ду қол шапалақ. Жиынның соңында Әлжан аға туған жерді сағынып келгенін айтып, көз жасына ерік берді. Зал тегіс жым бола қалды. Сонда Әлжан ағамыз "Менің Олимпиада чемпионы екенім рас. 1972 жылы баскетболдан құрама команда сапында ойнадым. Құрамада капитан да болдым" деді. 

Кейіннен араға бірнеше ай салып қазақ журналистері "Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы кім?" деген тақырыпта мақалалар жаза бастады. Бұл бір шынын айтқанда даулы мәселеге айналды. Сөз қуған қазақ емеспіз бе, ал кеп таласа бастадық. Бір күні осы әңгіменің барлығы Жақсылық Үшкемпіровке де жетті. Тікелей эфирде бір журналист Жақсылық ағамызға сауал тастады. "Аға, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы кім?" деп. Жақсылық Үшкемпіров еш саспастан "Енді 1980 жылы Мәскеуде Олимпиадада чемпион атандым. Мені осы уақытқа дейін қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы деп келді халық. Оның несін талқылайсыңдар, әлбетте мен ғой", деді. Осыдан кейін екі спортшының да қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы екендіктері анықталды. Бірақ, екі адам болуы мүмкін емес қой. Хронология бойынша 1972 жылы чемпион болған Жармұхамедов озып тұр. Бұл тақырыпты сол күйі жабулы қазан қалдыруға да болар еді. Бірақ, тілшілер қауымы интрига қуалап, ашыған айранды одан әрі шайқай берді. 

31 арнада "Айтылмаған әңгіме" деген бағдарлама болатын. Сол бағдарламаға продюсерлер Жақсылық Үшкемпіровті "Сіз туралы бағдарлама түсіреміз, келіңіз", деп студияға шақырады. Бағдарлама жүргізушісі:

- Жақсылық аға қазақтың тұңғыш чемпионы Сіз ғой? - дейді. Ол кісі әдеттегідей "Иә" деп жауап береді. Осы тұста жүргізуші студияға Әлжан Жармұхамедовті шақырады. Көріп отырғандар адамдардың өзі осы тұста сәл күмілжігені рас. Бағдарлама соңында екеуіне де шапан жабылды. Екеуі құшақтасып, төс қағысып жан-жаққа тарады. Бірақ, осы бағдарламаны ұйымдастырғандарды Үшкемпіров эфирден кейін сөзбен әбден сыбады. "Мені елдің алдында мазақ қылғыларың келді ме?", деп шапанды сол жерде шешіп тастап кетті. Жақсылық ағамыз қатты ренжіп, әлгі телеарнаға енді келместей болды. Рейтингтен өзгені ар санамайтын телевидение продюсерлері осылайша абыройларын айрандай шашып алды. 

Қаншама адамға көмегі тиіп, осы жерде өсіп-өніп, балабақша мен мектеп салып, жылқы асырап, ет таратып жүретін Жақсылық Үшкемпіров қазақ халқының жүрегінде мәңгі бірінші болып қалары анық қой. Халықтың жүрегінен орын алу екінің бірінің қолынан келмейді. Жақсылыққа қарап бой түзеп, сол секілді болсақ екен деп қазақтың қаншама балуаны шықты. Әлжан ағамызды жамандап та отырған жоқпыз. Ол кісінің орны бөлек. Статистика, цифр, факт ретінде ол кісі бірінші шығар, бірақ жанкүйер жүрегінде Жақсылық бірінші тұратынын ұмытпағайсыздар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу