Барлығына газ тартамыз – әкім орынбасары

3336

Елорданы газбен қамту жүзеге асуда. 

Барлығына газ тартамыз – әкім орынбасары

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов "Елорданы газбен қамту" тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Қала әкімінің орынбасары ел астанасын газбен қамту үш кезеңнен тұратындығын, ал әр кезең бірнеше іске қосу кешенін қамтитындығын айтты.

Құрылыс жұмыстары 2019-2020 жылдары жүргізілетін елорданы газбен қамту құрылысының бірінші кезеңі 9 іске қосу кешенінен тұрады. 1-ші іске қосу кешені – бірінші автоматтандырылған газ тарату станциясынан (АГРС-1) бірінші жылу электр орталығында (ЖЭО-1) ыстық су және мазут қазандықтарына газ беру. Екінші іске қосу кешені – екінші автоматтандырылған газ тарату станциясынан (АГРС-2) екінші жылу электр орталығында (ЖЭО-2) ыстық су қазандықтарына газ беру. Кейінгі кешендерде Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй алаптары, Железнодорожный тұрғын үй кешені, содан кейін Промышленный мен Оңтүстік-Шығыс тұрғын үй алабына газ тартылады. Аталмыш аудандарға газды 2020 жылы тарту жоспарлануда.

Елорда әкімінің орынбасары Ермек Қизатов жекеменшік үйлерге алғашқы газ қай уақытта келетін нақты айтты.

"Келесі жылдың шілде айында ең алдымен Көктал-1 және Көктал-2 тұрғын үй алабына газ тартуды жоспарлап отырмыз", – деді ол.

Құрылыстың екінші кезеңінде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжарға, артынша Тельман тұрғын үй алабына, сондан кейін Пригородный, Garden Village бен Family Village тұрғын үй алабына газ тартылады.  Ал құрылыстың үшінші кезеңінде Ильинка, Шұбар және Өндіріске газ келеді.

Ермек Қизатов газ жылу электр орталықтарына тартылу себебінен жылу бағасы қымбаттайтындығын да айтты.

"Газбен жылыту қосылған кезде жылу аздап қымбаттайды. Жылу электр орталықтары алдағы бес жыл ішінде кезең-кезеңмен газдандырылуға өтеді. Сол себепті жылу бағасы бірден айтарлықтай қымбаттай қоймайды. Ал жеке үйлер газды қалай пайдалануды өздері шешеді. Біздің міндетіміз – тұрғындарға қолайлы болуын және газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Газбен үйді ғана жылыту емес, сондай-ақ суды да ысыту", – деді Ермек Қизатов.

"Бағаның қымбаттауы туралы айтар болсам, биыл газдандыру бағаға әсер етпейді. Газға қосылған станцияларды келесі 2020-2021 жылу беру маусымында іске қосамыз", – деп жылу бағасының қымбаттау мүмкіндігі жайлы сөзін жалғады.

Ермек Қизатовтың айтуынша, қала ішіндегі үйлер, уақытша тұратын жертөлелер, жатаханалардың барлығының газға қосылуға мүмкіндігі бар.

"Жертөлелер, жатаханалар, сауда үйлері және өндіріс орындары, барлығын газбен қамту жүйесіне қосамыз. Олардың ауласындағы арнайы қондырғыға есептеуіш орнатылады. Ал Талапкер тәрізді қала маңындағы елдімекендерге газ тарту бойынша облыстарда да жұмыстар жүргізілуде", – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Ермек Қизатов газ бағасының нақы қанша болатыны әлі белгісіз екенін айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу