Барлық қытай жұмысшысы қазақстандықтармен алмастырылады

12851

Коронавирусқа қарсы құрылған ведомствоаралық комиссия Зайсан халқының талабын орындады. 

Барлық қытай жұмысшысы қазақстандықтармен алмастырылады

Қытаймен іргелес жатқан Зайсан ауданындағы халықтың жанайқайына мемлекет ақыры құлақ асқан сияқты. Коронавирустің бірінші санатындағы Қытай бастаған 8 мемлекеттен Қазақстанға келіп жұмыс істеуге тиіс болған азаматтардың орнына отандық жұмысшылар тартылмақ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдерімен кездесуінде осындай мәлімет айтты.

"Шығыс Қазақстандағы халықтың талабы туралы ақпарат тікелей ведомстваралық комиссияға жеткізілді. Өйткені комиссия жұмысына облыс әкімінің орынбасары күнделікті қатысып отыр. Бүкіл ақпаратты біліп отырмыз. Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша бірінші санаттағы 8 мемлекеттің Қазақстанға келіп жұмыс істеуді жоспарлаған азаматтары қазақстандық жұмысшылармен алмастырылатын болады. Премьер-министр сондай нақты тапсырма берді. Басқа министрліктерге де тек қана Қытай емес, Корея және басқа да мемлекеттердің азаматтарын мүмкіндік бойынша  өзіміздің азаматтармен ауыстыру жүктелді. Әрине, оған мүмкіндік бар. Оның бәрі заңды болуы керек. Өйткені ол компаниялар заң аясында инвестиция салып отыр. Бәріміз түсінеміз, бұл инвестициялық жобалар біріншіден біздің елімізге, біздің еліміздің экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды. Қазіргі жарты жылдың ішінде мүмкіндік бойынша шетелдік жұмысшылардың орнына өз азаматтарымызды аламыз", – деген Елжан Біртанов шетелдік жұмысшылардың өздері де Қазақстанға келуден тартынып қалғанын айтты.

"Көбі келмей жатыр қазір. Мәселе біздің тоқтатқанымызда емес, өздері келмей жатыр", – деген министр ел аумағындағы карантиндік орталықтар тек облыстық деңгейдегі медициналық мекемелер базасында ғана құрылатынын ескертті.

"Қазіргі таңда бірінші санаттағы елдерден келген 180 азамат карантиндік орталықтарға орналасып жатыр. Бұл карантиндік орталықтар олыстық деңгейдегі мекемелерде орналасатын болады. Бүкіл қажетті инструкциялар жеткізілді. Қазір Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында шекара бойынша көшіп жатқан азаматтардың саны тоқтатылды. Тек теміржол арқылы кіреді де, шығады. Транзиттік транспорт болса, бүкіл ақпаратты алып әрі қарай бақылап отырамыз. Шығыс Қазақстан мен Алматы облысындағы шекараны кесіп өткен Қазақстан азаматтарын, Қытай азаматтарын карантинге алу тоқтатылды. Себебі ондай азаматтар жоқ.  Бірақ басқа жобаларда істеп жатқан, бұрыннан келген азаматтар бар. Олар карантиннен өтіп жатыр. Ешқандай қауіпті жағдай жоқ. Біз бәрін тексеріп жатырмыз. Себебі біз төлқұжатқа қарамаймыз. Өзіміздің азамат болсын, басқа мемлекеттің азаматы болсын, қауіпті жерден келсе, карантинге орналастыруымыз қажет. Бұл нақты шешім. Оны бәріміз орындауымыз керек", – деді ведомство басшысы.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу