Барлық тендерлерден ірі шенеуніктер шеттетілді

18419

Мемлекеттік билік құрылымындағы ең бір беделді орган жойылады.  

Барлық тендерлерден ірі шенеуніктер шеттетілді

Бұл ақпарат министрлердің ұялы құрылғыларына "Қазақстан Үкіметінің мобильді офисі" ақпараттық жүйесі арқылы жіберілген.

"Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Үкіметі қаулысының жобасына сәйкес, осы ведомствоның мемлекеттік сатып алу комитеті жабылып, тарих қойнауына кетеді.

Дегенмен, республикалық мемлекеттiк мекеменің қызметкерлері мен дүние-мүлкі Қаржы министрлiгiнің қазынашылық комитетіне қосылады.

Осыған орай "Қаржы министрлігі туралы ережеге" өзгеріс енгізіліп, оның ведомстволары тізімінен "Мемлекеттік сатып алу комитеті" республикалық мемлекеттiк мекемесi" алып тасталмақ.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары–қаржы министрі Әлихан Смайыловтың түсіндіруінше, бұл биік лауазымды шенеуніктердің тендер ісіне араласуын тоқтату үшін жасалып отыр.

"Жобаны қабылдау мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік сатып алуды өткізуге араласуын болдырмау тетіктерін енгізуді көздейді. Сондай-ақ бюджеттік мекемелердің басшыларын оны өткізуден босата отырып, мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру бойынша шараларды іске асыруға мүмкіндік береді. Жобаны қабылдаудың әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдары болмайды", – дейді бірінші вице-премьер.

Бұл шешім кәсіпкерлермен және қоғамдық сарапшылармен талқыланбаған.

"Осы жоба арқылы енгізіліп отырған түзетулердің жеке кәсіпкерліктің мүдделерін және азаматтар құқығы, бостандығы мен міндеттерін қозғамауына байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының және Қаржы министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің келісімінен өткізу талап етілмейді", – делінген Асқар Маминге жолданған түсіндірме жазбада.

Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов бұл ел Президентінің 2019 жылғы 4 қыркүйектегі тапсырмасы екенін хабарлады. Оның үстіне Үкімет осы сәрсенбіде, 2019 жылғы 2 қазанда "Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар" пилотты жобасын іске асыру бойынша Жол картасын мақұлдапты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы және аталған Жол картасының 6-шы тармағы бойынша Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу комитетін қазынашылық комитетіне қосу қарастырылған. Себебі республикалық деңгейдегі орталық меморгандардың барлық мемлекеттік сатып алуы бұдан былай Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті арқылы ғана жүзеге асырылатын болады. Басқаша айтқанда, ол енді республикалық маңыздағы бірыңғай ұйымдастырушыға айналады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу комитетін Қаржы министрлiгінiң ведомстволары тізімінен алып тастау ұсынылады", – деп түсіндіреді бірінші вице-министр.

Бір қызығы, билік сапынан "қуылып" отырған меморганға басшы биыл ғана жаңадан тағайындалған. Айдын Ашуев қаржы министрінің 2019 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығымен дәл осы комитеттің төрағасы болып бекітілген. Бұған дейін ол "Амангелді Газ" компаниясының экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары лауазымдарын атқарды.

"Учет" порталының дерегінше, "Мемлекеттік сатып алу комитеті" кәсіпорны шағын саналады, яғни қызметкерлерінің саны елуге де жетпейді.

Дүние-мүлкінің саны белгісіз, бірақ кейінгі жылдары азайғаны байқалады.

Комитет 2016 жылы 23 млн 828,4 мың салық төлеген. 2017 жылы салығының көлемі 25 миллион 174,9 мың теңгеге жетіпті. Содан кейін азая бастаған екен, былтырғы 2018 жылы 20 млн 762,6 мың теңге болды. Биылғы қыркүйек айындағы соңғы жағдай бойынша 2019 жыл басынан бері 11 миллион 327,6 мың теңге салық аударған.

Демек, бұл кәсіпорынның жойылуынан ел бюджетінің бүйірі ортайып қалмайтыны аңғарылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу