Барнеттің бір былығы бар сияқты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3110

Жанат Жақияновтың командасы WBA және IBF тұжырымдарына шағым түсірді.

Барнеттің бір былығы бар сияқты

Кәсіпқой бокстағы жарық жұлдыздарымыздың бірі Жанат Жақияновтың командасы WBA және IBF тұжырымдарына арызданыпты. Бұған Жанаттың  соңғы жекпе-жектегі қарсыласы, британдық Райан Барнеттің допинг-бақылаудан өтпегені себеп болыпты. Бұл жөнінде қазақ боксшысының менеджері Филипп Фондю "World Boxing News" басылымына берген сұхбатында мәлімдеген.

Өздеріңіз білесіздер, 21 қазан күні әртүрлі тұжырымдағы әлем чемпиондары Жанат Жақиянов (27-2, 18 КО) және Райан Барнетт (18-0, 9 КО) өз белбеулерін ортаға салып, екі чемпиондық атақ үшін таласты. 118 фунт (53,52,5 келі) салмақ дәрежесіндегі 12 раундтық тең дәрежеде өткен жекпе-жекте Солтүстік Ирландия боксшысы төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын.

Алайда оның Белфастағы осы жеңісі күдік туғызып отыр. Себебі ол жекпе-жек аяқталысымен  допинг-сынақтан өтпей, емханаға тартқан. Бұдан кейін оның қандай да бір жарақат алғаны жөнінде мәлімет болған жоқ.

Бүгінде оның бірден емханаға тартып кетуіне күмән келтірушілер бар. Өйткені Райан Барнетт допинг-бақылаудан өтпеген. Бұл – көпе-көрнеу жалтару. Бір шикіліктің болуы да ғажап емес. Ал чемпиондық атақтар сарапқа салынатын жекпе-жектерде боксшылар міндетті түрде допинг-сынақтардан өтулері керек. Бұл тіпті жекпе-жек келісімшартында да көрсетіледі.  

"Біз IBF және WBA тұжырымдарына шағымдандық. Себебі Барнетт міндетті допинг-бақылаудан өтпеген. Аталған ұйымдар бізге жауап береді деп үміттенеміз. Өйткені біз неліктен допинг-сынақ өткізілмегендігін білгіміз келеді", – депті Филипп Фондю.

Естеріңізге сала кетейік, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жанат Жақиянов қазан айының аяғында IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Райан Барнеттен ұтылып, белбеуінен айырылып қалған болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу