"Барселона" футбол клубына қауіп-қатер төніп тұр

Команда көп жылдан бері дау болып келе жатқан "Негрейра ісіне" байланысты УЕФА санкциясына тап болуы ықтимал.   

"Барселона" футбол клубына қауіп-қатер төніп тұр Фото: avesta.tj

Тіпті, каталониялық команда Чемпиондар лигасына қатысу құқығынан айырылуы мүмкін деген қауіп бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Испаниялық Marca басылымының жазуынша, клуб басшылығы Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы тарапынан қолданылуы мүмкін тәртіптік шараларға алаңдап отыр.

"Негрейра ісі" "Барселонаның" Испания Корольдік футбол федерациясының Төрешілер техникалық комитетінде бұрын вице-президент қызметін атқарған Хосе Мария Энрикес Негрейрамен байланысты компанияларға бірнеше жыл бойы қаржы аударғанына қатысты. 

Клубтан түскен бұл төлемдер қоғамда үлкен резонанс туғызып, "Барселонаға" қатысты құқықтық мәселелермен қатар, беделіне байланысты тәуекелдерді де күшейтті.

Қазір істің УЕФА деңгейіндегі ықтимал салдары талқыланып жатыр. Marca мәліметінше, "Барселона" басшылығы тергеудің нәтижесі клубтың Еуропадағы ең беделді турнирі – Чемпиондар лигасына қатысуына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.

Десе де, әзірге командаға қатысты мұндай шешім қабылданған жоқ. УЕФА "Барселонаны" Чемпиондар лигасынан шеттеткенін ресми түрде жариялаған емес. Ал "Негрейра ісі" бойынша тергеу әлі де жалғасып жатыр.

Бұл дау 2023 жылы кеңінен тараған. Тергеудің негізгі өзегінде Негрейрамен байланысы бар компанияларға бірнеше жыл ішінде жасалған төлемдер тұр.

"Барселона" төрешілердің шешімдеріне ықпал ету немесе оларды сатып алу туралы айыптарды қабылдамайды. Клубтың ұстанымынша, аталған қаражат төрешілік мәселелеріне қатысты кәсіби есептер мен консультациялық қызметтердің ақысы ретінде төленген.

Бұған дейін "Манчестер Сити" футбол клубының басына қара бұлт үйірілгенін жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу