"Барселона" "Боруссия Дортмундқа" жауапсыз 4 доп соқты

Қос қарсылас UEFA Чемпиондар лигасы ширек финалының алғашқы кездесуін өткізді. 

"Барселона" "Боруссия Дортмундқа" жауапсыз 4 доп соқты Фото: barcablaugranes.com

Испаниялық "Барселона" (Испания) мен германиялық "Боруссия Дортмунд" арасындағы матчта ірі есеп тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шыны керек, футболсүйер қауым бұл ойыннан да сенсация күтті. Әрі қазіргі уақытта қай команданың бәсі биік екенін бағамдау спорт сарапшыларының өзіне қиындық тудырады. Десе де, "Боруссияға" қарсы "Барселона" алғашқы минуттардан-ақ сенімді ойнады.

Қарсылас қақпасына жиі қауіп төндіріп, саңылау табудың сан түрін іздеді. Діттеген мақсатына ойынның 25-минутында Рафинья жетті. Ал Роберт Левандовский 48-минутта есепті еселеді.

Сондай-ақ, 66-минутта Роберт Левандовский тағы бір рет мергендігімен танылса, 77-минутта Ламин Ямаль да бір голды өз атына жазды.

Осылайша, "Барселона" қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, жартылай финал жолдамасына бір табан жақын қалды. Тағы бір кездесуде франциялық "Пари Сен-Жермен" Англияның "Астон Вилласын" 3:1 есебімен жеңіп кетті.

Еске салайық, 8 сәуірде англиялық "Арсенал" Испанияның "Реал Мадридін" 3:0 есебімен жеңіп кеткен еді. Ал германиялық "Бавария" өз алаңында Италияның "Интеріне" 1:2 есебімен жол беруге мәжбүр болды.

Қарымта ойындар 15-16 сәуір күндері өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу