Өз айдынындағы матчтар сериясының финалдық кездесуінде "Барыс" "Ақ Барсқа" есе жіберді. Кездесудің алғашқы минуттарында қонақтар басымдықты қолға алды. Олар қатарынан екі пенальти орындап, екі гол соқты. Кристиан Хенкель ойыншылар саны жағынан артықшылықты пайдаланса, Дмитрий Кагарлицкий тікелей шабуылдың нәтижесінде көзге түсті. Содан кейін "Барыс" тез арада бір гол соқты. Қарымта шабуыл ұйымдастырған Якоб Берглундтың дәл соққысы қақпадан бірақ табылды.
Екінші кезең шешуші болды. Ойын барысында "Ақ Барс" төрт тиімді шабуыл ұйымдастырды. Николай Коваленко, Кирилл Панюков және Данис Зариповтар гол соқса, Кагарлицкий дубль авторы атанды. Бұған айдын иелері маусымдағы алғашқы голын салған Валерий Ореховтың дәл соққысымен жауап берді. Екінші үзілістен кейін Никита Бояркин "Барыс" қақпасын қорғауға шықты.
Финалдық үшінші кезең басында Егор Шалапов маусымдағы дебюттік голын соқты. Бірақ Юрий Михайлистің командасы бұл матчта жеңіске жете алмады. Қорытынды есеп 6:3.
Кездесу аяқталған соң командалардың бас бапкерлері ойынға қатысты пікір білдірді.
"Бізде бүгін Татарстанда ұшақ апатқа ұшырап, қайғылы оқиға орын алды. Ең алдымен, басшылық пен команда атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Ал ойынға келер болсақ, мен ризамын. Алты гол соғып, мүмкіндіктерді пайдаландық. "Барыс" командасы біраз қиындықтар туғызды. Біз бірден жылдам гол соғып, үшінші кезеңде матчты жеңіске дейін жеткіздік", - деді "Ақ Барс" ХК бас бакері Дмитрий Квартальнов.
"Бүгін ойынды өте нашар бастадық. Хоккейшілеріміздің алаңнан қуылғаны кедергі келтірді. Аз ойыншымен қалғандықтан, ойын өте әлсіз болды. Екі кезең бойы "Ақ Барс" командасы толықтай ойынға иелік етті. Бұл анық көрінді. Мүмкін, біз өткен ойындарда көп күш жоғалтқан шығармыз. Бәлкім бүгін бізде ойынға деген құмарлық жетіспеді. Үшінші кезеңде бірқалыпты ойнадық", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.
Келесі ойынды елордалық хоккей клубы 13 қазанда сырт алаңда "Авангардқа" қарсы өткізеді.
Ермұхамед Мәулен