"Барыс" "Амурды" ірі есеппен жеңді

1895

15 қазан күні "Барыс" өз алаңында "Амурмен" кездесті.

"Барыс" "Амурды" ірі есеппен жеңді

Хабаровскілік  команда Шығыс конференциясында соңғы орында тұрған ұжым. Вадим Епанчинцевтің шәкірттері соңғы үш жекпе-жекте жеңіліс тапты. Бейсенбі күні "Амур" Омбыда "Авангардтан" 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Маусымдағы төртінші голды Иван Николишин соқты. Ол өз командасының үздік бомбардирі (12 ұпай, 4+8) атанып, төрт матчтың соңғы үшеуінде ұпай жинап отыр. Қақпашы Янис Калнинш 34 сейв жасады. Бірақ бұл команданың ұпайларына ықпал ете алмады. Амурлықтар 17 матчта тек 13 ұпай жинады.

Ал "Барыс" "Куньлуннан" жеңілгеннен кейін "Адмиралмен" текетіресте сенімді ойын көрсетіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, елордалық команданың бас бапкері Андрей Скабелка қарсыластың ойын өрнегін өзгертуге мүмкіндік берген пенальтилердің көптігіне наразылық білдірді. Егор Шалапов пен Әлихан Әсетов маусымдағы алғашқы голдарын соқты. Сондай-ақ Энтони Луи де көзге түсті.

Өткен маусымдағы екі бетпе-бет кездесу де қазақстандық команданың еншісінде қалды. Қыркүйек айында "Барыс" 3:2 есебімен, қазан айында Хабаровскіде өткен кездесу 1:0 есебімен аяқталды.

Өз алаңындағы үшінші кездесуде "Барыс" "Амурдан" сенімді түрде басым түсті. Айдын иелерінің жаттықтырушылар штабы алдыңғы ойынмен салыстырғанда құрамға тек бір ғана  өзгеріс енгізді. Қорғаныс шебінде Михаил Григорьевтың орнына Самат Данияр шықты.

Есеп сегізінші минутта ашылды. Егор Петухов Никита Михайлиске тамаша пас шығарды. "Барыстың" 10-шы нөмірлі ойыншысы маусымдағы алғашқы голын соқты. Алғашқы кезеңнің соңғы минутында Павел Махановский таблодағы есепті теңестірді. Бір қызығы, барлық кезеңде қонақтар "Барыс" қақпасын үш рет қана нысанаға алды.

Екінші жиырма минут астаналықтардың басымдығымен өтті. "Барыс" жылдамдығын арттырып, 72 секундта қарсыластарын үш рет қапы қалдырды. Аңсар Шайхмедденов тамаша гол соқты. Юрий Сергиенко көк сызықтан амурлықтар қақпасына дәл соққы жасады. Евгений Аликинді алмастырған Янис Калнинс қақпадан орын алғаннан кейін, бар болғаны 37 секундтан соң Линден Вей есепті еселей түсті.

Үшінші кезеңнің басында Егор Петухов қонақтар қақпашысынан айласын асырды. Осы эпизодтан кейін қазақстандықтар қорғаныста сенімді ойнап, "Барыс" маусымдағы ең ірі жеңіске қол жеткізді. 17 қазанда Андрей Скабелка шәкірттері өз алаңында "Торпедоны" қабылдайды.

"Барыс" – "Амур" 5:1 (1:1, 3:0, 1:0)

1:0 – 07:56 – Михайлис (Петухов)

1:1 – 19:23 – Махановский (Шаров)

2:1 – 26:27 – Шайхмедденов (Данияр, Савицкий)

3:1 – 27:02 – Сергиенко

4:1 – 27:39 – Вей (Бракко, Бекетаев)

5:1 – 42:11 – Петухов (Кайыржан, Сергиенко)

Қақпашылар:  Гудачек – Аликин (Калниньш, 27:02-60:00)

 Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу