"Барыс" "Авангардтан" басым түсті

1169

Қатарынан үш матчта жеңіліс тапқан Юрий Михайлис шәкірттеріне бұл жеңіс ауадай қажет болды.

"Барыс" "Авангардтан" басым түсті

Гагарин Кубогының қазіргі иегері әлі де керемет ойын үлгісінен алыс. Чемпионаттың басында Боб Хартлидің командасы он екі матчтың алтауында жеңіп, әлі де Шығыс конференциясының көшбасшылар тобына кіре алмауда. Өткен турда "Авангард" қонақта "Автомобилистке" 2:5 есебімен жеңілді. Ал "Барыс" жексенбі күні "Локомотивпен" қонақта өткізген ойында ұпай жинай алмады.

Өткен маусымда "Барыс" пен "Авангард" өзара төрт кездесу өткізген еді. Командалар екі реттен жеңіске қол жеткізді. Бірақ бір матчта овертаймда жеңілген омбылық команда көбірек ұпай жинады.

Бұл жолы "Барыс" "Авангардты" минималды есеп айырмашылығымен жеңді.

Кристиан Томас бірнеше матчтан кейін командаға қайта оралды. "Барыстың" жас тәрбиеленушісі Дінмұхамед Қайыржан ҚХЛ дағы алғашқы ойынын өткізді.

Кездесу өте тартысты өтті. Жекпе-жектің басты кейіпкерлері қақпашылар болды. Олар ұзақ уақыт бойы алынбас қамалдай көрінді. Екінші кезеңде матч аяқталмай жатып Роман Старченко алаңнан қуылғаннан кейін қонақтарда есеп ашуға жақсы мүмкіндік болды. Алайда "Барыстың" қорғанысы мықты болып шықты.

Шешуші кезеңде, 55-минутта есеп ашылды. Кертис Волк пен Никита Михайлис қарсы шабуыл ұйымдастырды. Айдын иелерінің 10 нөмірлі ойыншысы Никита Михайлис қақпаны дәл көздеп, шайбаны торға жіберді. Осылайша кездесу елордалық команданың пайдасына, 1:0 есебімен аяқталды.

8 қазан күні "Барыс" өз алаңында Санк-Петербургтың СКА командасын қабылдайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу