Новосибирск қаласының "Сібір" командасына қонаққа барған "Барыс" жеңіске жетті. Қарсыласы Шығыс конференциясының үшінші орнында тұрған команда екеніне қарамаған елордалықтар кішігірім ерлік жасады. Ал "Барыс" плэй-оффқа жолдама беретін ең соңғы орын, сегізінші сатыда еді. Оның үстіне, Челябинск қаласының "Тракторы" мен Хабаровск қаласының "Амур" командаларынан тек 1 ұпай ғана алда тұрған.
Бірінші кезеңде екі команда ойынды өте әдемі жүргізді. Алайда, есеп аша алмады. Дегенімен, "Сібірдің" де, "Барыстың" да 2 минуттық айыбы болды. Қос ұжым басымдылықты пайдалана алған жоқ. Ойынның 31-минутында ғана көрермендер салынған шайба көрді. Александр Шаров әріптесі Валентин Пьянов екеуі тамаша пас алмасып, "Барыс" қақпашысы Юлиус Гудачектің қасынан шайбаны өткізіп жіберді.
"Сібір" ойыншысы Никита Коротков айыпты болып, 2 минутқа айдыннан қуылды. 30 секундтың ішінде "Барыс" таразы басын теңестіріп жіберді. Шайба авторы Александр Шаров. Алекс Грант пен Линден Вэй "Сібір" қақпасының артында пас алмасып тұрып алды. Екінші кезең 1:1 нәтижесімен аяқталып, ойынның нақты сұлбасын көрсетіп берді. Екеуі расымен де терезесі тең қарсыластар еді.
Үшінші кезеңде Вэй шайбаны сол қапталға ойыстырып алып келді. Сосын шабуылға қосылып келе жатқан Никита Михайлиске тастады. "Барыстың" үздік сұрмергені ойынның 45-минутында мүлт кетпеді. "Барыс" осылайша есепте алға шықты. Ал содан кейін айдын иелері таразы басын теңестіру үшін барын салды. Бірақ, Гудачек қақпасын аман сақтады. Осы жеңілістің салдарынан "Сібір" төртінші орынға сырғыды. Ал "Барыс" 43 ұпаймен үздік сегіздік ішінде қалды.