"Барыс" бабына келгендей

1013

"Барыс" сырт айдындағы матчтар сериясында конференция көшбасшыларының бірі "Автомобилисті" тізе бүктірді.

"Барыс" бабына келгендей Фото: hcbarys.kz

Биылғы маусымда екатеринбургтік ұжым Шығыс конференциясында бірінші орын алу үшін талас жүргізіп жатыр. Өткен ойында Николай Заварухин шәкірттері Батыс конференциясы командаларымен өткізетін ойын серияларына нүкте қойды. "Автомобилист" Мәскеуде "Динамоға" жол берді – 0:3. Қонақтар айдын иелеріне 24 соққы жасағанымен, олардың бәрі нәтижесіз қалды. Екатеринбургтік команданың бас бапкері мүмкіндік жүзеге асыру көрсеткіші төмен екенін айтып, қарсыластың қателерді ұтымды қолданғанын жеткізді.

"Барыс" бейсенбі күні жеңілістер сериясына нүкте қойды. Андрей Скабелка шәкірттері Челябіде "Тракторды" овертаймда жеңді (3:2). Линден Вей жарақат алғаннан кейін қайтадан команда капитаны болып сайланған Никита Михайлис матч тағдырын айқындап, ойынның қаһарманы атанды. Астаналық команданың 10-нөмірлі жейдедегі ойыншысы Антон Сагадеев пен Александр Борисевичке пас беріп, қосымша бес минуттықта шешуші шайбаны соқты. Юлиус Гудачек 28 соққы тойтарыс берді. 

Ал ҚХЛ аясындағы кезекті Матч "Уралец" МСК мұз айдынында өтті. Бұл жолы "Барыс" "Автомобилистен" басым түсті. "Барыстың" бапкерлері ойын құрамында бір ғана өзгеріс жасады. Шабуылдағы Дмитрий Гурковтың орнына Джереми Бракко шықты.

Матчтың алғашқы минуттарының басты қаһарманы Антон Сагадеев болды. Алдымен ол кейін серпілген шайбаны қақпаға бағыттап үлгерсе, сәлден соң қарсыластың бапкерлер құрамының сәтсіз сұранысынан кейін берілген сан басымдығын жүзеге асыра білді. Осылайша, "Барыстың" 89-нөмірлі жейдедегі ойыншысы өзінің нәтижелі сериясын бес матчқа дейін созды. Үзіліске дейін айдын иелері есеп айрымасын қысқартып, Сергей Широков "4х3" форматындағы ойынды сәтті жүзеге асырды.

Ойынның екінші бөлігінің басында кем құрамдағы ойын кезінде Егор Петухов көзге түсіп, өзінің маусымдағы он бесінші шайбасын соқты. Араға аз уақыт салып, Егор Шалаповтың қақпаға жасаған соққысын Дмитрий Шевченко нәтижеге ұластыра білді. "Автомобилистің" екінші голы Олег Лидің соққысынан кейін Джесси Грэмнің аяғына тиіп барып, Гудачек қорғаған қақпа торынан табылды. Екінші кезеңнің соңғы минутында астаналық ұжым тағы бір сан басымдығын жүзеге асырды, бұл жолы Джереми Бракко нәтижелі әрекетімен көзге түсті.

Стефан да Коста үшінші кезеңнің басында қорытынды жиырма минуттықтың соңы тартысқа толы болатындай жағдай жасады. Одан кейін Юлиус Гудачектің қақпасына тағы бір шайба соғылған, алайда қазақстандық команданың бапкерлер құрамы қарсылас команда ойыншысы ойыннан тыс қалғанын дәлелдеу үшін төрешілерге сұраныс берді. Ойын сәтін қайталап көрген арбитрлар офсайд болғанын растап, гол есепке алынған жоқ. Осы сәт матч тағдырын айқындаған болуы мүмкін, өйткені одан кейін таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ.

Осылайша "Барыс" Шығыс конференциясында сегізінші орынға қайта көтерілді. 23 қаңтар күні Андрей Скабелка шәкірттері Магнитогорскте "Металлургпен" кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу