"Барыс" барын салмады

1757

​Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын "Барыс" тағы да жеңілді. Бұл қашанға жалғаса бермек?

"Барыс" барын салмады

Әдеттегідей құрлықтық хоккей лигасының аясындағы матчта "Барыс" сырт айдында өнер көрсетті. Санкт-Петербор қаласының СКА командасына қонаққа барған елордалықтар 3:1 есебімен есе жіберді. Басқа-басқа дәл осы СКАға келгенде "Барыс" жүні жығылған мысықтай боп қалатыны бар.

Естеріңізде болса, кезінде "Барыс" плэй-офф сатысының ширек финалына дейін жетіп жүрген шақ болды. Сонда қазақстандық команда дәл осы петерборлық ұжымнан жеңілген. Ол кезде ресейдің адуынды командасын атақты Барри Смит баптайтын.

Мына матчта айдын иелері бірінші болып есеп ашты. Екінші периодтың 28-минутында Якшин қақпамыздан саңлау тапты. Бірінші кезеңнің 0:0 болып аяқталғаны дұрыс болған екен дестік. Себебі, 36-минутта Волков есепті еселеп, "Барыстың" мазасын кетірді. Бірақ, соңғы минутта отандастарымыз жабылып жүріп бір шайба салды. Линден Вэй шеберлігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты. Бұл шайба елордалықтарға үміт сыйлады. Үшінші кезеңде барын салып алға ұмтылса таразы басын теңестіруге де болар еді. Матчты тең аяқтап, 1 ұпай еншілесе соның өзі зор мереке болушы еді. Алайда, 58 минутта Волков тағы да шайба салып, хоккейлішілеріміздің үнжырғасын түсіріп тастады. Салысы суға кеткен спортшыларымыз бас көтеріп, еңсе көтеретіндей уақыттың да қалмағанын анық ұғынды.

"Барыс" қақпашысы Андрей Шутов осы матчта 33 соққыны қайтарып мамандар көзіне түсті. Матчтың үш үздік ойыншысының қатарына кірген қақпашымыз талантының тасып тұрғанын көрсетті. Ал ең үздік ойыншы СКА шабуылшысы Дмитрий Яшкин болды. Ол 1 шайба, 1 нәтижелі пас жасап 2 ұпай еншіледі. Сонымен қатар қақпаға 7 соққы бағыттап үлгеріпті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу