Бұл кездесудің анық фавориті айдын иелері еді. Айдаһарлар елінен келген "Кунлунь қызыл жұлдыз" командасын "Барыс" осыған дейін де қиналмай жеңіп жүрген. 2019 жылдың соңғы ойынын өз айдынында, жергілікті жанкүйерлерінің алдында жеңгісі келгені анық байқалды. Алайда, бір қателіктің салдарынан қақпамызға шайба еніп кетті.
Бірақ, бірінші периодтың өзінде елордалық хоккейшілер есепті теңестіріп қана қоймай, есепте алға шықты. Алдымен Найт Старченко мен Дицтің пасынан соң жанкүйерлерді бір желпінтті. Ал 17-минутта Дастин Бойд қарсылас команданың бір ойыншысының айдыннан қуылғанын жақсы пайдаланып кетті.
Турнирлік кестеде жағдайы жақсарып қалған "Барыс" соңғы минуттарда бос қақпаға гол сала алмады, әйтпесе есеп 3:1 болуы тиіс еді. Дегенімен үш ұпай қоржында. Омскінің "Авангард" командасы "Барыстың" күшейгенінен секем алып отыр. Енді, 4 қаңтар күні қазақстандық хоккейшілер Рига қаласында "Динамомен" кездеседі.
"Барыс" (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) — "Куньлунь РС" (Бейжің, Қытай) 2:1 (2:1, 0:0, 0:0)
Шайбалар:
0:1 — 01:48 Кейн (Райнхарт, Вон).
1:1 — 14:50 Найт (Старченко, Диц).
2:1 — 17:25 Бойд (Петухов, Диц).
Ермұхамед Мәулен