Чемпионат басталысымен "Динамо" ұзақ уақыт бойы Батыс конференциясының турнирлік кестесінде жоғарғы орындарда болды. Дегенмен жақында әртүрлі себептерге байланысты Крэйг Вудкрофттың командасы өз позициясын жоғалтып алды. Команда Нұр-Сұлтанға қатарынан төрт жеңілістен кейін келді. Соңғы матчта "Динамо" өз алаңында буллитте "Сібірден" жеңіліп қалды (1:2). Ал "Барыс" сенбі күні жеңілістер сериясын үзді. Юрий Михайлис шәкірттері "Северстальді" овертаймда 4:3 есебімен ұтты.
"Барыс" пен "Динамо" арасындағы матчта алтыншы минутта айдын иелері есеп ашты. Линден Вей елордалық командаға оралғаннан кейінгі өзінің алғашқы голын соқты. Осылайша, канадалық бірден көзге түсті. Қонақтар бұған қос голмен жауап берді. Алдымен Сергей Сапего ұзаққа созылған шабуылдың нүктесін қойса, сәлден соң Тайлер Граовак есепті еселей түсті. Үзіліске командалар тең есеппен кетуі мүмкін еді. Бірақ Юрчо қақпашымен бетпе-бет шыққанына қарамастан оның осал тұсын таба алмады.
Екінші кезеңнің ортасындағы Кертис Волктың лақтырған шайбасы "Динамо" қақпасынан табылды. Бірақ ұзақ уақыт бейнежазбаның қайталауын көрген төрешілер голды есепке алмады. Сәл кейінірек "Барыс" тағы бір гол соқты. Ойыншылыр санының басымдығын пайдаланған Волк Михайлиске тамаша пас берді. Ал қазақстандық команданың бомбардирі бос қақпаны дәл көздеді. Есеп 2:2.
Соңғы үшінші кезең және овертайм голсыз өтті. Буллитте айдын иелері дәлірек болды. Жеңісті голдың авторы Линден Вей. Қорытынды есеп 3:2. Енді елордалық команда 25 қараша күні өз айдынында "Торпедоны" қабылдайды.
Ермұхамед Мәулен