Хабаровск қаласының "Амур" командасына қонаққа барған "Барыс" бүгін тең ойнады. Турнирлік кестеде 11 орында келе жатқан "Амурды" жеңе алмаған "Барыс" үшін бұл ұят. 8 сатыда тұрған "Барыстың" биыл плэй-оффтан үміті зор. Алайда, шатқаяқтап сол орыннан да айырылып қалатын сияқты. Айдын иелері матч бастала салысымен белсенділік көрсетті. Ал "Барыс" болса ұйқысынан ұзақ уақыт ояна алмай жүрді. Матчтың 15-минутында Ян Дрозг есеп ашып, "Амур" бірінші периодты жеңіспен аяқтады. Бұл кезде "Барыстың" бір хоккейшісі айдыннан қуылып кеткен еді.
Бірінші кезеңнің соңында айдын иелерінен Виктор Балдаев айдыннан қуылып, оның біршама уақыты екінші кезеңге ауыстырылды. Нәтижесінде 22 минутта "Барыс" таразы басын теңестіріп кетті. Энтони Луис шайбаны қақпа маңына дейін алып келіп, Аркадий Шестаковқа соққы жасауға мүмкіндік жасап берді.
25-минутта Владислав Барулин шайбаны "Барыс" қақпашысы Юлиус Гудачектің екі аяғының ортасынан өткізіп жіберді. Бірақ, үзіліске дейін Дмитрий Шевченко "Амур" қақпасының маңдайшасына тигізіп тұрып шайба салды. Осылайша екінші кезең 2:2 нәтижесімен аяқталды.
Ал үшінші кезеңде айдын қонақтары бірінші мәрте алға шықты. Джереми Бракко қатты пас беріп еді, оны Линден Вэй голға айналдырды. Жеңіске жету үшін елордалықтар 3 минут уақыт шыдаса жеткілікті еді. Алайда, Егор Петухов тәртіп бұзып айдыннан кетті. Ал қарсылас команда одан әрі тәуекелге барып 6 ойыншыны шығарып жіберді. 6ға 4 әдісімен болған ойында "Амур" дегеніне жетті. Матч бітуге 16 секунд қалғанда Никита Гребенкин есепті 3:3 қылып жіберді.
Ал буллиттер сериясында "Амурдың" бағы жанды. Осылайша олар 2 ұпай еншіледі. "Барыстың" қоржынына небәрі 1 ұпай түсті.
Енді осы екі команда ертең тағы бір кездесу өткізетінін айта отырайық.