Елордалық команда кездесуді жақсы бастап, Егор Петухов команданың сан басымдығында ойнауына жағдай жасап беріп, Кирилл Савицкий оны жүзеге асырды. "Автомобилист" "екіге бір" шабуыл жасап, Анатолий Голышев нәтижелі соққының авторы атанды.
Ойынның екінші бөлігі нәтижелі өтті. Алдымен қонақтар астаналық жанкүйерлердің көңілін түсіріп, Данил Романцев Никита Бояркиннен айласын асырып кетті. Кейін қақпашымен бетпе-бет шыққан Сергей Широков үшінші годы салды. Алайда үзіліске дейін "Барыс" таблодағы көрсеткішті теңестіріп үлгерді. Майкл Шапю сан басымдығын жүзеге асырса, кезеңнің аяқталуына 19 секунд қалғанда Никита Михайлис Игорь Бобков қорғаған қақпаның жақын бұрышын дәл көздеді.
Қорытынды жиырма минуттықтың басында Егор Петухов өз стилінде гол соғып, командасын есепте алға шығарды. Бұл шабуылда "Барысқа" қайта оралған Дмитрий Шевченко команда сапындағы алғашқы ұпайын олжалады. Брукс Мэйсек артық құрамды жүзеге асырып, таблодағы көрсеткішті тағы да тең етті. Ақырында бұл теңдік буллиттер сериясына дейін сақталып, бұл сында айдын иелері үздік шықты. Астаналық ұжымға жеңіс сыйлаған соққы авторы – Никита Михайлис.
Кездесу аяқталған соң "Барыс" ХК бас бапкері Андрей Скабелка ойынға қатысты өз пікірін білдірді.
"Эмоцияға толы, жақсы матч. Жанкүйерлерге ұнады деп ойлаймын. Көптен бері өз жанкүйерлеріміздің осындай жеңіске қол жеткізген жоқпыз, жалпы осы маусымда мұндай матчтарды аз өткіздік. Қателіктерге қатысты пікір айтудың қажеті жоқ. Өз қақпамызға екі гол жіберіп алғаннан кейін жасымаған жігіттерге алғыс айтқым келеді. Ойынға қайта тез орала білдік. Ұпай үшін күресіп, буллиттер сериясында жеңісті жұлып алдық. Біз үшін маңызды жеңіс. Жігіттерге рақмет! Керемет атмосфера үшін жанкүйерлерге ерекше алғыс", - деді "Барыс" ХК бас бапкері.
"Барыс" – "Автомобилист" 5:4 Б (1:1, 2:2, 1:1, 1:0)
1:0 – 02:31 – Савицкий (Бекетаев) СБШ
1:1 – 11:04 – Голышев (Широков)
1:2 – 32:17 – Романцев (Неучев)
1:3 – 33:20 – Широков (Жукенов)
2:3 – 37:51 – Шапю (Грант, Луис) СБШ
3:3 – 39:41 – Михайлис (Вей)
4:3 – 45:34 – Петухов (Шестаков, Шевченко)
4:4 – 48:22 – Мэйсек (Широков, Волк) СБШ
5:4 – 65:00 – Михайлис Б
Қақпашылар: Бояркин – Бобков
26 желтоқсан күні Андрей Скабелка шәкірттері сырт айдында "Авангардпен" ойнайды.