"Барыс" буллитте жеңіске жетті

1724

Маусымдағы "Барыс" пен "Ак Барс" арасындағы үшінші кездесу Астанада өтті.

"Барыс" буллитте жеңіске жетті Фото: hcbarys.kz

Бұған дейін екі команда да сырт айдында бір реттен жеңіске жеткен. Өткен аптада қазандықтардың бас бапкері ауысты. Олег Знароктың орнына бас бапкер міндетін атқарушы болып Юрий Бабенко тағайындалды. Ол бас бапкер болған алғашқы матчта "Ак Барс" өз айдынында "Динамомен" кездесіп, овертаймда мәскеулік командадан жеңісті жұлып әкетті – 3:2. Оған қоса, ойынның аяқталуына бір минут қалғанда айдын иелері есепте артта келе жатқан еді. Дмитрий Воронковтың, Вячеслав Войнов пен Станислав Галиевтің дәл соққылары мен Амир Мифтаховтың 23 сейві командаға екі ұпай сыйлады.

Қазандық хоккейшілер 37 кездесуде 40 ұпай жинап, Шығыс конференциясында жетінші орында тұр. "Ак Барстың" үздік сұрмергені Александр Радулов (13+12) жарақатына байланысты "Барысқа" қарсы кездесуге қатыса алмайды. Сондай-ақ, Василий Токранов, Динар Хафизуллин мен Михаил Глухов бүгінгі ойында өз командасына көмектеспейді.

Жексенбіде "Салават Юлаевпен" кездескен "Барыс" ойынның соңғы минуттарында матчты күтпеген бағытқа аударып, жігерлі жеңіске қол жеткізді (2:1). Аркадий Шестаков камбэктің жолын салып берсе, Егор Петухов маусымдағы 11-шайбасын соқты. Никита Бояркин қақпасына жасалған 21 соққының жиырмасын кері қайтарды.

Ал өз алаңындағы матчтар сериясының финалдық кездесуінде "Барыс" буллитте "Ак Барсты" ұтты. "Барысқа" оралған Дмитрий Шевченко бүгінгі кездесуге өтінімде Батырлан Мұратовтың орнына шықты. Бұл өткен ойынмен салыстырғанда астаналықтар құрамындағы жалғыз өзгеріс болды.

Алғашқы кезең қожайындардың пайдасына  аяқталды. Есепті тоғызыншы минутта Аркадий Шестаков ашты. Ол "Ак Барстың" ойыншысы айып алаңынан шығып кеткен сәтте гол соқты. Үзіліске аз уақыт қалғанда, командалар 4v4 форматында ойнаған кезде Алекс Грант "Барыстың" басымдығын нығайта түсті. Екінші кезеңнің ортасында Никита Дыняк нәтижелі жеке пас берді. Қонақтар мұнымен тоқтап қалмады. Финалдық ысқырыққа аз уақыт қалғанда Кирилл Петров тамаша лақтыруымен қазақстандықтарды екінші рет қапы қалдырды.

Овертайм өте қызықты өтті. Бірақ командалардың ешқайсысы таразы басын өз пайдасына аудара алмады. Ал буллиттер сериясында астаналықтар дәлірек болды.

Енді "Барыс" ҚХЛ жұлдыздар ойыны мен "Бірінші арна кубогы" халықаралық турниріне байланысты үзіліс жасайды. Біздің команда келесі кездесуін 19 желтоқсанда өткізеді. Андрей Скабелканың шәкірттері сырт алаңда "Нефтехимикпен" ойнайды.

"Барыс" – "Ак Барс" 3:2 Б (2:0, 0:1, 0:1, 0:0, 1:0)

1:0 – 08:01 – Шестаков (Савицкий, Бекетаев)

2:0 – 16:37 – Грант (Вей, Михайлис)

2:1 – 30:32 – Дыняк (Семёнов)

2:2 – 55:38 – Петров (Шипачёв, Лучевников)

3:2 – 65:00 – Вей

ҚақпашыларБояркин – Мифтахов (Билялов, 65:00-65:00)

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу