"Барыс" ЦСКА-ға ірі есеппен жеңілді

750

Ресейден оралған "Барыс" бүгін өз айдынындағы матчтар сериясын бастады. Елордалық клуб мәскеулік ЦСКА-мен кездесті.

"Барыс" ЦСКА-ға ірі есеппен жеңілді Фото: hcbarys.kz

Мәскеулік ұжым өткен сейсенбіде екатеринбургтің "Автомобилистіне" жол беріп (2:4), бес матчтан тұратын жеңісті сериясын үзді. Никита Нестеров пен Антон Слепышев соғылған шайбалардың авторы атанса, қақпашы Адам Рейдеборн 20 соққыны кері қайтарды. Сергей Фёдоров осы жеңілістен бапкерлер құрамына ой салғанын айтты. ЦСКА осы маусымның 48 кездесуінде 67 ұпай жинап, Батыс конференциясының үштігінен орын алып тұр. Констанстин Окулов (13+21) – команданың үздік сұрмергені. Қорғаушы Данил Юртайкин жарақат алғандар тізімінде.

"Барыс" сырт айдындағы ойындарда тек үш ұпай еншілей алды. Соңғы матчта Андрей Скабелка шәкірттері Павел Хомченкоден айласын асыра алмай, "Адмиралдан" 0:3 есебімен жеңілді. Матчтан кейінгі баспасөз конференциясында қазақстандық команданың бас бапкері шәкірттеріне тың энергия жетіспегенін және айып уақыттары жеңіліске себеп болғанын атап өтті. Биылғы маусымның 50 матчында астаналық клуб 48 ұпай олжалады. Команданың үздік сұрмергені Линден Вейдің қоржынында 33 (15+18) ұпай бар. Егор Шалапов пен Нельсон Ножье жарақат алғандар тізімінде қала берді. 

Ал бүгінгі екі команданың кездесуі "Барыс Арена" мұз сарайы айдынында өтті.  Бірінші кезеңнің ортасында мәскеуліктер есеп ашты. Қонақтар сапынан Матвей Гусков көзге түсті. Командалар екінші үзілісте мұз айдынына шыққан бойда, бар болғаны 29 секундтан кейін қонақтар есепті еселей түсті. Бұл жолы ойыншылар басымдығын Константин Окулов пайдаланып кетті. Алайда екі минут өтпей-ақ Антон Сагадеев Никита Михайлистің көмегімен есеп айырмасын қысқартты. Ал оныншы минутта "Барыс" ойыншылары камбэк жасады. Бұл жолы Дмитрий Шевченко гол авторы атанды.

Үзіліске дейін де ЦСКА ойыншылары қайтадан алға шықты. 37-минутта Сергей Плотников командасын алға сүйреді. Ал 49-шы және 53-ші минуттарда қонақтар сарпынан Антон Слепышев пен Максим Мамин мергендігімен көзге түсті. Нәтижесінде – "Барыс" 2:5 есебімен жеңілді.

51 ойында 48 ұпай жинаған елордалық хоккей командасы плей-офф аймағында, Шығыс конференциясында 8-орында қалды. Дегенмен ең соңғы орынға түсіп қалу қаупі жоғары. Себебі қазіргі таңда "Трактор" 50 ойында 48 ұпай, "Нефтехимик" 49 ойында 47 ұпай, "Амур" 49 ойында 46 ұпай жинаған.

Айта кетейік, 14-қаңтар күні "Барыс" Астанада "Нефтехимикпен" кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу