Латвия астанасынан келген команда соңғы төрт жекпе-жегін негізгі уақыттан тыс аяқтады. Соңғы кездесуде Владимир Крикуновтың шәкірттері овертаймда "Торпедодан" басым түсті. Ал "Барыс" 2021 жылғы соңғы ойында өз айдынында 1:2 есебімен "Салауат Юлаевтан" жеңіліс тапты.
Дегенмен, жаңа жылдағы алғашқы кездесуінде "Барыс" Риганың "Динамосынан" мықты екенін дәлелдеді. Алғашқы кезең айдын иелерінің басымдығымен өтті. Қонақтар анда-санда ғана қарсы шабуылдармен жауап берді. "Барыс" өз басымдығын голға айналдырды. Роман Старченко қарсыластар қақпашысымен бетпе-бет шығып, алғашқы голды соқты.
Екінші кезең де қазақстандықтардың еншісінде қалды. Самат Даниярдың тамаша шабуылынан кейін Антон Сагадеев команда басымдығын нығайтып, кезең аяқталар тұста Старченко дубль жасап, есепті еселей түсті. "Барыстың" ойыншысы тәртіп бұзғаны үшін айдынннан кеткенде, динамолықтардан Мартинш Карсумс есеп айырмашылығын қысқартты.
Соңғы үшінші кезеңде Якоб Берглунд, Никита Михайлис (дубль) және Роман Савченконың дәл соққылары "Барыстың" 2022 жылғы алғашқы жеңісіне кепілдік берді. Қорытынды есеп 7:1. Енді 5 қаңтарда Юрий Михайлистің шәкірттері өз айдынында "Металлургпен" ойнайды.
"Барыс" - "Динамо" Рига (7:1) кездесуінен кейін командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
"Бізде 12 ойыншы жарақат алған. Бірақ бұл ақталатын жәйт емес. Бүгін бізде тек қақпашы ғана табандылық танытты. Қалғандары ойнап жатқандай кейіпте болды. Мүмкін, мұның басты себебі мерекенің салдары немесе ойыншылардың үндесім таба алмауы. Біз бұл жағдайды ретке келтіріп, жігіттерге ескертеміз", - деді "Динамо" Рига ХК бас бапкері Владимир Крикунов.
"Жақсы ойын болды. Көптеген гол соғатын мүмкіндіктер жасадық. Үш кезеңде де басымдық бізде болды. Қарсыластың аймағында көп ойнадық. Нәтижесі соғылған голдар болды. Команда бұл ойынға жақсы дайындалған. Біздің жігіттер қарсыластың соңғы кездесулерде тамаша өнер көрсеткенін білді және олар төрт ойынның әрқайсысында ұпай жинап отырды. Біз бұған дайын болдық. Жанкүйерлерімізге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын!", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.
Ермұхамед Мәулен