"Барыс" екі жеп биге шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3203

Қазастан клубы Гагарин кубогының бірінші сатысында Нижний Новгородтың "Торпедосын" екі рет тізе бүктірді.

"Барыс" екі жеп биге шықты Фото: hcbarys.kz

Құрлықтық хоккей лигасында плей-офф сатысы басталып, сайдың тасындай іріктеліп шыққан 16 клуб Гагарин кубогы жолындағы мұзайдын додасын бастап та кетті. Бұған дейін жазғанымыздай, "Шығыс" конференциясында өнер көрсететін "Барыс" алғашқы електе "Торпедо" (Нижний Новгород) клубымен додаға түсіп жатыр.

"Барыс" "Шығыс" конференциясы кестесінде Нижний Новгород клубынан жоғары орналасқандықтан, алғашқы екі ойынды өз айдынында өткізді. Әрі екеуінде де жеңіске жетіп, жалпы есепте 2:0 есебімен алға шықты. Енді екі рет жеңсе, келесі кезеңге өтеді. Оған әрі күмән келтіруге де болмайтындай...

Десек те, алғашқы екі жеңіс оңайшылықпен келген жоқ. Бірінші матчта "Торпедо" есеп ашып, екі кезең бойы дес бермеді. "Барыс" тек екінші 20-минуттықтың соңында ғана таразы басын теңестірді. Ал үшінші кезеңде қонақтардың онсыз да мәлім ең осал шебі іс жүзінде байқалып қалды...

Үшінші кезең басталан бетте "Торпедоның" канадалық қақпашысы Барри Браст тағы да екі гол жіберіп алып, салы суға кетті. Осылай ойын тағдыры төрт минуттан астам уақыттың ішінде шешілді. Қонақтардың ұнжырғалары түсіп кетіп, ал "Барыс" матч соңында төртінші шайбасын соғып, жеңіске жетті. Есеп – 4:1.

Осы жеңілістерінің есесін қайтармақ болған "Торпедо" екінші ойынды аса жоғары қарқында бастады. Бірінші кезеңде екі гол салып, суырылып алға шықты. Екінші 20-минуттық басталған бетте тағы бір шайба салып, "Барыстың" бапкерлерін сеңдей соғыстырды. Олар көп ойланбай қақпашымызды ауыстырды.

Бірақ Хенрик Карллсонның орнына шыққан Доминик Граховина да бір гол жіберіп алды. Сөйтіп, қонақтар төрт шайба айырмасымен ұзай түсті. Алайда осыдан кейін олар қарқындарын бәсеңсітіп, тек осы есепті ұстап қалуды ойлады. "Барыс" керісінше, құйындай орап соқты. Әуелі екі гол соғып, есепті қысқартты.

Үшінші кезеңде тағы да екі шайба салып, таразы басын теңестірді. Ал "Торпедо" ойыншылары білгендерінен жаңылып, көп қателесе бастады. Мәселен, соңғы минуттарда біреуі алаңнан қуылып, "Барыстың" есепті теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды. Осыдан кейін оларды еңселері түсіп кетті.

Төрт гол соғып, қанаттанып алған "Барыс" овертаймда да орап соқты. Ал жеңісті есепті уыстарынан шығарып алғандарына қапаланған торпедолықтар еңсе тіктей алмай қалды. Айдын иелері бесінші кезеңнің басында-ақ шешуші голды соғып, көрермендерін қуанышқа бөледі. Есеп – 5:4. Ендігі екі ойын Нижний Новгородта өтеді.

Осы екі ойыннан түйген ойымызды айтар болсақ, шынымен де, Нижний Новгород клубының ең осал тұсы қорғанысы екен. Қақпашысы – көңіл-күйіне байланысты өнер көрсететін ойыншы. Қорғаушылары екі матчта да "Барыстың" шабуылшыларынан көз жазып қала берді. Айдын иелері соққыны қарша боратты (35 және 55).

Гагарин кубогының алғашқы сатысындағы қазіргі жағдай:

"Шығыс" конференциясы

"Автомобилист" (1) – "Трактор" (8) – 2:0 [3:0, 4:2]

"Барыс" (2) – "Торпедо" (7) – 2:0 2:0 [4:1, 5:4 ОТ]

"Металлург" (3) – "Салават Юлаев" (6) – 1:1 [2:1 ОТ, 1:4]

"Авангард" (4) – "Ак Барс" (5) – 2:0 [6:0, 6:3]

"Батыс" конференциясы

ЦСКА (1) – "Витязь" (8) – 2:0 [4:0. 6:2]

СКА (2) – "Спартак" (7) – 0:2 [0:2, 2:3]

"Локомотив" (3) – "Сочи" ХК (6) – 2:0 [4:3 ОТ, 3:0]

"Йокерит" (4) – "Динамо" Мәскеу (5) – 0:2 [2:4, 2:3]

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу