"Барыс" енді Ресейде ғана ойнайды

1845

Қазір Юрий Михайлис шәкірттері 48 ұпаймен Шығыс конференциясында сегізінші орында тұр.

"Барыс" енді Ресейде ғана ойнайды

Құрлықтық хоккей лигасы Нижний Новгородта өтетін "Барыс" пен "Торпедо" арасындағы кездесудің өтпейтінін мәлімдеді. Матч елорда уақытымен бүгін 22:00-де басталуы керек еді. Бірақ ресейлік команданың COVID-19-ға тапсырған сынағы оң нәтиже көрсетті.

"11 қаңтардағы жағдай бойынша 11 хоккейші мен "Торпедоның" екі өкілінің ПТР тесті коронавирусқа оң нәтиже берді. ҚХЛ-да COVID-19 вирусының таралуының алдын алу мақсатында лига 11 және 13 қаңтарға жоспарланған №573 "Торпедо" - "Барыс" және №585 "Торпедо" - "Кунлунь Ред Стар" матчтарын өткізбеу туралы шешім қабылдады. Бұл матчтарды кейінірек өткізу мүмкіндігі қарастырылады", – деп хабарлады "Барыс" хоккей клубы.

Бұған дейін ҚХЛ-дағы маусым мерзімінен бұрын аяқталуы немесе тоқтатылуы мүмкін деп болжанған. Бірақ бұл ақпарат расталмады. "Барыс" сырттағы ойынын одан әрі жалғастырады. Елорда хоккей командасы 13 қаңтар күні "Витязьбен" және 15 қаңтар күні "Салауат Юлаевпен" ойнайды.

Сонымен қатар "Барыс" 17 қаңтар күні өз айдынында Қазан қаласының "Ақ Барс" командасымен кездесу өткізуі тиіс болатын. Бірақ ҚХЛ ойынды Ресей аумағында өткізу туралы шешім қабылдады. Оған басты себеп – Қазақстан астанасында төтенше жағдайдың енгізілуі. Сатылған билеттер қаржысы жанкүйерлерге тегіс қайтарылады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу