16-наурыз күні елордалық хоккей клубы коронавирус пандемиясына байланысты Гагарин Кубогінің ¼ финалына қатысудан бас тартып, жарысты уақытынан бұрын аяқтаған болатын. Сондай-ақ финляндиялық "Йокерит" дәл сондай шешім қабылдаған еді. Осылайша жартылай финалда алты ресейлік команда қалған. Аталған командалар арасынан "Ак Барс" та турнирді мерзімінен бұрын аяқтауға ниет білдірген.
Нәтижесінде, 17-наурыз Құрлықтық хоккей лигасының басшылығы "Гагарин Кубогінің" ойындарын уақытынан бұрын, яғни жеңімпаз команданы анықтамай-ақ аяқтаймыз деген шешім қабылдады. Ал жанкүйерлерге ширек финалға шыққан сегіз командаға, виртуалды кездесулер өткізіп, плей-офф жеңімпазын анықтау ұсынылды. Олардың арасында елордалық "Барыс" командасы да бар еді. Сонымен қатар сегіз команда бұрынғы жұп бойынша қалды: "Барыс" - "Сібір", ЦСКА – "Динамо" (Мәскеу), "Ак Барс" - "Салават Юлаев" және СКА (Санкт-Петербург) – "Йокерит". Дауыс беру "ВКонтакте", "Одноклассники", Instagram және Twitter әлеуметтік желілерінде өтті. Виртуалды серия да төрт жеңіске дейін өтіп отырды. Ең көп дауыс жинаған команда жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
"Барыс" "Сібір" сериясы дауға ұласты. Алғашқы екі кездесуде елордалық команда ең көп дауыс жинады. Бірақ, жанкүйерлердің аса белсенділігі ұзаққа бара қоймады. ҚХЛ мұндай белсенділікті заңсыздыққа балады. "Барысты" заңсыз дауыс жинады деп, екі ойында да қазақстандық клубтан 50 пайыз дауысты алып тастады. Сериядағы үшінші кездесуде новосібірлік команда басым түсті. Ал, 3-сәуір күні тағы да "Сібір" жеңіп, финалға жолдама алды. Соңғы кездесуде ресейлік клуб 54445, "Барыс" 28318 дауыс жинады. Осылайша серядағы кездесу 0:4 есебімен аяқталып, қазақстандық команда жеңіліс тапты.
Сонымен қатар Санк-Петербургтің СКА командасы және "Ак Барс" та турнирден шығып қалды. СКА серияда "Йокеритке", ал "Ак Барс" уфалық "Салават Юлаевқа" ұтылды. ЦСКА - "Динамо" сериясында "Динамо" жеңіске жетті. Енді аталған жұптардағы жеңімпаз командалар жартылай финалда кездеседі. "Салават Юлаев" "Сібірге", "Динамо" "Йокеритке" қарсылас атанды.
Естеріңізге сала кетсек, виртуалды кездесудің ешқандай заңды күші жоқ. Сондай-ақ сайыста жеңіске жеткен команда "Гагарин Кубогімен" ресми түрде марапатталмайды.
Ермұхамед Мәулен