"Барыс" хоккейшісі финляндиялық клубқа ауыспайтын болды

1590

Финляндиялық клуб ойыншының ауысқаны туралы ресми ақпарат таратқанымен, "Барыс" оны жоққа шығарды.

"Барыс" хоккейшісі финляндиялық клубқа ауыспайтын болды

Бүгін "Барыс" хоккей клубы Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Валерий Ореховтың финляндиялық клубқа ауысты деген ақпаратқа байланысты түсініктеме берді.

22-маусымда финляндиялық ХПК клубы Ореховтың ресми түрде команда сапына ауысқанын жариялады. Тіпті ойыншыны дүйім жұртқа таныстырды. 21 жастағы хоккейшінің бір жылдық келісім-шартқа қол қойғаны туралы да хабар таратты. Осы ақпараттан кейін "Барыс" Ореховтың мансабын Финляндия чемпионатында жалғастыратынын растады. Алайда, елордалық клуб бірер күн бұрын өз ойыншысының басқа клубқа ауысуы туралы ақпаратты жойды.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында қорғаушы Валерий Ореховтың Финляндияның ХПК клубына ауысқаны туралы хабарлады. Бірақ тым ерте жасалған тұжырым болды", - деп ойыншының агенті Игорь Парашкин мән-жайды былай түсіндірді:

"Келіссөздер болды. Финляндиялық тарап келісім-шарт жасасуға аса қызығушылық танытты. Біз сондай-ақ "Барыспен" келісімді ұзарту туралы келіссөздер жүргіздік. Көп ойланғаннан кейін Валерий өзінің туған клубының ұсынысын қабылдап, "Барыста" қалу туралы шешім қабылдады. Біз қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Келісім-шарт туралы ресми ақпарат барлық қажетті процедуралар аяқталғаннан кейін пайда болады", - делінген клуб хабарламасында.

Өткен маусымда Орехов Құрлықтық Хоккей Лигасының тұрақты чемпионатында 32 матч өткізіп, он (2 + 8) ұпай жинады және бір плей-офф ойынында нәтижелі пас берді. Сондай-ақ ол "Номад" командасында да өнер көрсеткен. Онда 21 ойын өткізіп, 15 (7 + 8) ұпай жинады. Ригада өткен элиталық дивизиондағы 2021-жылғы Әлем чемпионатында хоккейші үш кездесуде айдынға шықты. Бірақ гол соға алмады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу