Алаң иелері бірінші кезеңнің ортасында Кирилл Рассказовтың арқасында есеп ашты. Үзіліске аз уақыт қалғанда Гинек Зогорна өз мүмкіндігін сәтті пайдаланды. Екінші кезеңнің басында Гинек дубль жасады. Ал сәл кейінірек Александр Горшков төртінші шайбаны Ортионың қақпасына жіберді. Екінші үзілістен кейін бірден Даррен Диц "Барысты" ойынға қайта қосты. Бірақ, Нұр-Сұлтандық хоккей командасы үшін бұл аздық етті. Кездесудің 58-минутында Бутузов "Амурдың" басымдылығын одан әрі нығайтты. Нәтижесінде елордалық команда ірі есеппен қарсыластарына жеңіліп қалды.
"Амур" – "Барыс" 5:1 (2:0, 2:0, 1:1)
1:0 – 09:19 – Рассказов (Терещенко, Зогорна Т.)
2:0 – 17:30 – Зогорна Г. ГМ
3:0 – 21:51 – Зогорна Г. (Зогорна Т.)
4:0 – 32:20 – Горшков (Голубев) ГБ
4:1 – 40:32 – Диц (Вароне, Фрэттин)
5:1 – 58:48 – Бутузов (Лугин) ПВ
Қақпашылар: Лангхамер – Ортио
Матчтан кейін бас бапкерлердің қатысуымен баспасөз жиыны өтті.
"Мен қарсыластарымызды жеңісімен құттықтаймын! Олар қорғаныста жақсы ойнады. Матчты толықтай өз тізгіндеріне алып, көп шабуылдайтын, гол соғатын көптеген мүмкіндіктер жасайтын ойындар болады. Бірақ шайба қарсыластың қақпасынан табылмайды. Бүгінгі кездесу сондай ойындардың бірі болды. Сонымен қатар, "Амурдың" қақпашысы керемет ойнады. Қорғаныста қателіктерге жол бермеді. Біз жағдайды түзетуге тырыстық. Бірақ олар қорғаныста өте сауатты ойнады", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.
"Жақсы ойын болды. Хоккейшілер ширақ қимылдады. Біз өз мүмкіндігімізді сәтті пайдаландық. Біздің команда қарсыластарына шабуылдауға мүмкіндік бермеді. Барлық ойыншылар (қақпашы, шабуыл, қорғаныс) жақсы ойнады", - деді "Амур" ХК бас бапкері Сергей Светлов.
8-қаңтарда Юрий Михайлис шәкірттері Екатеринбургте "Автомобилистпен" кездеседі.
Ермұхамед Мәулен