"Барыс" командасы "Йокеритке" жеңілді

1134

"Йокерит" қазіргі таңда Құрлықтық Хоккей Лигасының Батыс конференциясындағы көшбасшы командалардың бірі.

"Барыс" командасы "Йокеритке" жеңілді

"Барыс" пен "Йокерит" арасындағы кездесуде Финляндия астанасының командасы мықтырақ болып шықты. Тартысты ойын өрбітіп, екі мүмкіндігін жүзеге асырған қонақтар бірінші кезеңде алға шықты. Соғылған голдардың авторлары Калле Коссила мен Никлас Енсен болды. Екінші кезеңнің ортасында Енсен дубль жасады.

Соңғы үшінші кезеңнің басында Никита Михайлис ойыншылар басымдығын пайдаланып, маусымдағы өзінің оныншы голын соқты. Алайда Юрий Михайлистің шәкірттері есепті теңестіре алмады. Ал кездесудің соңғы минутында "Йокерит" хоккейшісі Марко Антилла айдын иелерінің бос қақпасына дәл көздеп, қорытынды есепті орнатты. Осылайша, финляндиялық команда 4:1 есебімен жеңіске жетті.

"Бірінші кезең тең дәрежеде өтті. Екіншісінде екі гол соқтық, бұл өте маңызды болды. Үшінші кезеңде біз тепе-теңдік орнаттық. Жалпы төрт ойында жеті ұпай жинадық. Бұл өте жақсы нәтиже", – деді "Йокерит" командасының бас бапкері Лаури Марьямаки.

"Соңғы үш минутты есептемегенде, бірінші кезең ұнады. Гол соғатын жақсы мүмкіндіктер болды. Жылдамдық та, қақпаға шабуыл да болды. Екінші жиырма минут сәтсіз өтті. Өйткені қателіктер көп болды және өз аймағымыздан шығу қиынға соқты. Қарсылас өте күшті команда. Олар тек шабуылдаумен болды. Біз екінші кезеңде де шабуыл жасай алмадық. Үшінші жиырма минутта олар жылдамдықтарын арттырып, пас беруде дәл соққыларымен көзге түсіп жатты. Қалай болғанда да "Йокериттің" қорғанысы біздің шабуылшыларға төтеп бергенін айта кеткен жөн", – деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.

Осы ойыннан кейін "Барыс" Шығыс конференциясында жетінші орында қалды. "Йокерит" те кестедегі өз орнын өзгертпей, "Батыста" екінші орында тұр. Енді 5 қарашада "Барыс" өз алаңында "Тракторды" қабылдайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу