"Барыс" канадалық шабуылшымен толықты

2119

Елордалық клубтың жаңа хоккейшісі осыған дейін Ұлттық хоккей лигасында "Филадельфия Флайерс", "Баффало Сейбрс" және "Оттава Сенаторс" клубтарында ойнаған.

"Барыс" канадалық шабуылшымен толықты

"Барыс" хоккей клубы ресми түрде 29 жастағы шабуылшы Филип Варонемен келісім-шартқа отырғандығы туралы хабарлады. Канадалықпен біржақты келісімшарт бір маусымға арналған және 2021-жылдың 30-сәуірінде шарт мерзімі аяқталады.

Өткен маусымда Вароне Америка Хоккей Лигасында "Лаваль Рокетс" пен "Скрэнтон Пингвинс" клубтарының намысын қорғаған. Ол тұрақты чемпионатта 33 матчт өткізіп 19 (4 + 15) ұпай жинаған.

Жалпы, Филип АХЛ-да 539 ойын өткізіп, 424 (129 + 295) ұпай жинады. "Барыстың" жаңа ойыншысы Ұлттық хоккей лигасында "Баффало Сейбрс", "Оттава Сенаторс" және "Филадельфия Флайерс" клубтарында ойнады. Ал, НХЛ-да канадалық хоккейші 97 ойында 17 ұпай (8 +9) жинақтаған. Енді кадалық хоккейші орталық шабуылшы ретінде бір маусым бойы "Барыстың" намысын қорғайтын болады.

Сонымен қатар бүгін "Барыс" Құрлықтық Хоккей лигасының тұрақты чемпионатының аясында қытайлық "Куньлунь" командасын қабылдайды. Бұл маусымдағы командалар арасында өтетін екінші ойын. 10-қыркүйек күні Виктор Сведберг, Якоб Лилья және Никита Михайлистің голдары "Барысқа" чемпионаттың өз айдынында өткізген алғашқы ойынында, 3:2 есебімен жеңіс әкелген болатын. Ал алдағы матчты "Барыс" қонақта өткізген 4 кездесудегі жеңілістен кейін Нұр-Сұлтанда өткізейін деп отыр.

Қазіргі таңда қазақстандық команда Лигада 20-шы орында, қиын жағдайда тұр. Ал Шығыс конференциясының кестесінде 16 ойында 16 ұпаймен  10-шы сатыда тұр. Ойыншыларға келер болсақ, Алексей Маклюков пен Хенрик Карлссон жарақат алғандар тізімінде. Дегенмен, елордалық хоккей клубы бүгін орталық шабуылшы Филипп Варонмен толығып отыр.

Ал, "Куньлунь" мұз айдынына қыркүйектің басында "Барысқа" ұтылғандағы ойыншылармен емес, мүлде басқа құраммен шығады. Себебі Алексей Ковалевтің командасы біршама шетелдік хоккейшілермен толықты. Бұл команданың ойын өрнегі мен нәтижесіне бірден әсер ететін болады. "Куньлунь" соңғы өткізген бес ойында төрт рет жеңіске жеткен. Соның ішінде сәрсенбіде Санкт-Петербургтің "СКА" хоккей клубына қарсы матчта 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Гол авторлары Тайлер Вон мен Райан Спроул. Команда маусымды сәтсіз бастағандықтан Қытай құрамасы Шығыс конференциясында 19 ойында 11 ұпай жинаған. Ал жарақат алған ойыншылардың тізімі бос.

Екі команда арасындағы ойын бүгін Нұр-Сұлтанда Барыс-Аренада 19:30-да басталады. Коронавирус пандемиясына байланысьы матч көрермендерсіз, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирден тарататын болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу