"Барыс" қатарынан төртінші ойында жеңіліс тапты

1191

Сырт алаңда өткізген екінші ойында елордалық команда "Спартактан" 5:2 есебімен ұтылды.

"Барыс" қатарынан төртінші ойында жеңіліс тапты

"Барыс" сегізінші минутта есеп ашты. Никита Михайлис алға шығып, алаң қожайындарының қақпашысынан айласын асырды. Сәлден соң екінші шайба Красиковтың қақпасынан табылды. Бірақ бейнежазбаны қайта көрген төрешілер шайбаның аяқпен соғылғанын көріп, голды есепке алмады. Келесі голды тағы да қонақтар соқты. Егор Петухов шабуылға шығып, қызыл жейдедегі хоккейшіге қарсылық көрсетуге еш мүмкіндік қалдырмады. Осылайша алғашқы кезең қорытындысы бойынша елордалық команда 2:0 есебімен алға шықты.

Екінші кезеңде "Спартак" басымдық танытты. Александр Хохлачевтың дәл соққысы командаға серпіліс бергендей болды. Ал кезеңнің соңғы минутында Йори Лехтеря таблодағы көрсеткішті теңестірді. Соңғы үшінші кезеңнің ортасында "Спартак" хоккейшілері қарсыластарының өз аймағындағы қателігін пайдаланып, Лехтеря дубль жасады. Біраз уақыттан кейін Дмитрий Кугрышев есепті еселей түсті. 58 минутта Александр Никишин матчтың нүктесін қойды. Нәтижесінде кездесу 5:2 есебімен "Спартактың" пайдасына аяқталды.

"Спартак" - "Барыс" (5:2) кездесуінен кейін командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

"Бірінші кезеңде өте жақсы ойнадық. Ойынға арналған жоспарларымыз орындалды, жақсы жылдам қарсы шабуылдар болды. Екінші кезеңде ойламаған жерден гол соғылды. Үшінші кезеңде жігіттерге ескерту жасадық. Қорғаныста сауатты ойнау керек екенін айттық. Бірақ, мұқият болмай, гол жіберіп алдық. Ал соңында бар күшіміз сарпылды", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.

"Ең алдымен жанкүйерлерімізді құттықтағым келеді. Біз тағы да өткен ойындағы жағдайға тап болдық. Ойынды нашар бастадық. Үзілісте жігіттерге сөзімді жеткізе алдым деп ойлаймын. Айтқан сөздерімді түсініп, мінез көрсетті. Матчты 0: 2 есебінен, жеңіске дейін жеткізді. Маған ойын ұнады. Бірақ қателіктер болды. Одан әрі жұмыс жасаймыз" - деді "Спартак" ХК бас бапкері Борис Миронов.

Осылайша, қазақстандық команда қатарынан төртінші мәрте жеңіліс тауып, 24 ұпаймен Шығыс конференциясының кестесінде оныншы орынға жайғасты. Ал мәскеуліктер 32 ұпай жинап, "Батыста" сегізінші орынды сақтап қалды. Енді Юрий Михайлис шәкірттері 20 қараша күні Череповецте "Северстальмен" кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу