"Барыс" ҚХЛ-ден шығатынын мәлімдеді

4303

Қазақстандық "Барыс" хоккей клубының басшылығы "Сібірге" қарсы ойынды өткізуден бас тартты.

"Барыс" ҚХЛ-ден шығатынын мәлімдеді

"Барыс" Құрлықтық хоккей лигасының жартылай финалына және Шығыс конференциясының финалына шығу үшін новосібірлік командаға қарсы кездесу өткізуі керек еді. Тіпті, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде 16-наурыздан бастап төтенше жағдай жариялағанымен, алғашқы екі кездесу Нұр-сұлтан қаласында 17 және 19-наурыз күндері өтеді деп келісілген болатын. Ресейлік БАҚ өкілдері қазақстандық биліктің "Сібір" командасына келуіне рұқсат беретіні жайлы ақпарат таратқан еді. Себебі 16-наурыздан бастап шетелдіктерге елімізге кіруге шектеу қойылған. Сонымен қатар  "Барыстың" шет елге шығып, Қазақстанға қайта оралуы да біршама қиындықтар туғызуы мүмкін еді. Елордалық команда құрамында легионерлер де жетерлік. Оған қоса сериядағы кездесу 4 ойынға дейін жалғасуы мүмкін. Мұндай жағдайда қазақстандық хоккей клубының қалған екі ойынды қай жерде өткізетіні қиындық туғызатын еді. Осы мәселелерге байланысты финляндиялық "Йокериттен" кейін "Барыс" та кездесулерді өткізуден бас тартты.    

"Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына байланысты 16-наурыздан 15-сәуірге дейін Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай жарияланып, спорттық іс-шаралардың өткізілуіне тыйым салынғандықтан, "Барыс" Қазақстан Республикасының аумағында ҚХЛ плей-офф ойындарының сериясын өткізе алмайды. ҚР-ның президентінің үкіміне байланысты келесі шараларға уақытша шектеу қойылады:

1)Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін. 

2)Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын.

Осылайша, "Барыс" хоккей клубы Гагарин Кубогының 2019/2020 жылғы маусымындағы ойындардан бас тартуға мәжбүр", - деген хабарлама қазақстандық хоккей клубының ресми парақшасында жарияланды.

Дегенмен, "Барыстың" ойынға қатысудан бас тартуына байланысты "Сібірді" Шығыс Конференциясының финалына шығуымен құттықтау әлі ерте екенін новосібірлік клубтың бас менеджері Кирилл Фастовский айтқан болатын. "Бізді құттықтау әлі ертерек", - деді телефонмен сұхбаттасқанда Фастовский. – Ештеңе өзгермеді деп ойлаймыз. Жақын арада нақты ақпарат пайда болады деп үміттенеміз", - деді "Сібір" командасының бас менеджері.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу