"Барыс" хоккей клубына тағайындалған жаңа басшы клубтағы легионерлерді босатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астаналық хоккей клубының бас директоры Нұрлан Оразбаев алғашқы баспасөз конференциясында клубта болатын ауыс-түйістер туралы ақпарат берді.
"Бір-екі күн бұрын Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры тарапынан ұсыныс түсті. Біз спорт министрімен кездесіп, жұмысымның барлық нюанстарын егжей-тегжейлі талқыладық. Бүгіннен бастап клубтың басшысы болып жұмыс істеймін. Менің ұсыныстарым қолдау тапты және бүгіннен бастап бұл өзгерістер орындалатын болады", - деді жаңа басшы.
Баспасөз конференциясында Нұрлан Оразбаев "Барыс" хоккей клубы Даниил Апальков және Владислав Кодоламен келісімшартты бұзатынын жеткізді.
"Сол сияқты біз барлық легионер - солтүстік америкалық ойыншылардың агенттеріне келісімшартты бұзу туралы хабарламалар жібердік. Құрамда Маттссон, Бурдасов, Николишин, Жафяров, Сетдиков, Бочаров, Камалов, Антипин және Хохлов қалды. Қалған ойыншылар ұлттық құраманың кандидаттары, біздің жергілікті тәрбиеленушілеріміз", - деп атап өтті жаңа басшы.