"Барыс" қонақта "Нефтехимикті" жеңді

1760

"Нефтехимик" пен "Барыс" арасында өткен тартысты кездесуде қазақстандық команда айқын басымдықпен жеңіске жетті.

"Барыс" қонақта "Нефтехимикті" жеңді

Олег Леонтьев шәкірттері Шығыс конференциясында үздік сегіздікке ену үшін күресте "Барыстың" тікелей бәсекелесі. Нижнекамскілік команда соңғы ойындарда қатарынан үш рет жеңіліс тапты. Соңғы турда команда "Кунлуньнан" 1:2 есебімен ұтылды. Қытай құрамасының қақпасына соққан жалғыз голдың авторы Рональд Кнот болды. Ал "Барыс" соңғы кездесуде мәскеулік "Динамодан" 2:4 есебімен ұтылды.

Ағымдағы тұрақты маусымда "Нефтехимик" пен "Барыс" әлі кездескен жоқ. Өткен маусымда екі кездесуде де қазақстандық команда жеңіске (2:1 және 4:1) жеткен болатын.

Бүгінгі ойынның бастапқы кезеңінде белсенділік танытқан айдын иелері гол соғуға талпынды. Алайда бірінші кезеңде есеп ашылмады. Матчтың 30-минутында Сергей Купцов қарымта шабуыл ұйымдастырып гол соқса, сәлден кейін Павел Порядин "Нефтехимиктің" басымдығын нығайта түсті. Дегенмен кезеңнің соңғы минутында "Барыс" бір гол соқты. Бұл жолы елордалық команда сапынан Роман Старченко көзге түсті.

48-минутта Кирилл Савицкий қарсыластар қақпашысының қателігін пайдаланып, таблодағы көрсеткішті теңестірді. Сәлден кейін Кертис Волк оң жақ шеңберден лақтырған шайбамен командасын алға шығарды. 59-минутта "Нефтехимиктің" бос қақпасына дәл соққы бағыттаған Томаш Юрчо ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп 2:4.

"Нефтехимик" - "Барыс" (2:4) арасындағы кездесуден кейін командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

"Жақсы матч болды. Бірінші кезеңде қарсыластар бірін-бірі тексерумен болды. Екінші кезеңде қателесіп, гол жіберіп алдық. Бүгін команда соңына дейін күресті. Жігіттер жеңіске жететіндеріне сенді. Бұл командалық жеңіс", – деді "Барыс" хоккей клубының бас бапкері Юрий Михайлис.

"Біз бүгінгі матчтың қаншалықты маңызды екенін білдік. Бірінші кезең шамамен тең дәрежеде өтті. Екіншісінде басымдықты арттыра түстік, гол соқтық. Бірақ кейін қолымызда тұрған жеңісті жіберіп алдық. Ойыншыларымыз алаңнан көп қуылды, шайбаны да өз аймағымыздан шығара алмадық. Басымдық бола тұра бұлай ойнауға болмайды", – деді "Нефтехимик" ХК бас бапкері Олег Леонтьев.

6 желтоқсан күні "Барыс" Қазан қаласында "Ақ Барсқа" қарсы кездесу өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу