Елордалық команда ойынға жаңартылған құраммен келді. Бапкерлер құрамы бірден үш жаңадан келген ойыншыны айдынға шығарды. Ал Томаш Юрчо Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын өткізді.
"Барыс" ойынды жақсы бастап, қарсыластарын өз аймағына ұзақ уақыт бойы жақындатпады. Бірақ кейін "Сочи" жағдайды түзеп, айдын қожайындарының ұйымдастырған шабуылынан кейін Артём Николаев Ортио қорғайтын қақпаны дәл көздеді. Сәлден соң Кирилл Мельниченко екінші рет айдынның дәл ортасынан лақтырған доппен қонақтарды қапы қалдырды. Екінші кезеңнің басында Александр Гордин қазақстандықтардың қақпасына үшінші шайбаны соқты.
Осы жағдайдан кейін "Барыс" қарқын алып, ойынға қайта оралды. Елордалық команда екінші үзіліске дейін де есеп айырмасын барынша қысқартты. Кертис Волк Дицтің шығарған пасын қарсыластар қақпасына дәл көздеді. Біраз уақыттан кейін Роман Старченко Хеллбергтің осал тұсын тауып, есеп 3:2-ге жетті. Алайда осыдан кейін ойын барысы қайта өзгерді. Лайпон мен Мищенконың дәл соққылары "Барыстың" қақпасынан табылып, кездесу "Сочидің" пайдасына, 5:2 есебімен аяқталды. Енді 18 қарашада Юрий Михайлистің командасы Мәскеуде "Спартакпен" кездеседі.
"Сочи" - "Барыс" (5:2) ойынынан кейін командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
"Біз бүгін шабуылда өте нашар ойнадық. Қорғаныста одан да жаман ойнадық. Көптеген мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Ойынды талдап, қорытынды жасаймыз. Келесі матчта барлығы басқаша болады деп ойлаймын", – деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.
"Маған ойын ұнады. Дайындалдық, ойын жоспары орындалды. Бүгінде біраз жастарды ойынға қостық. Олар гол соқты, командаға жастық серпін берді. Нәтижесінде кездесу жеңіспен аяқталды. Жігіттерге барын салып, тырысқандары үшін алғыс айттым", – деді "Сочи" ХК бас бапкері Андрей Назаров.
Ермұхамед Мәулен