"Барыс" Құрлықтық хоккей лигасын бесінші орынмен аяқтады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3219

Елордалық клуб құрлықтық доданың плей-офф сатысын Нижний Новгородтың "Торпедосымен" бастайды.

"Барыс" Құрлықтық хоккей лигасын бесінші орынмен аяқтады

Биыл Құрлықтық хоккей лигасының негізгі додасы, яғни жыл сайынғы чемпионаты, 2018 жылдың 1 қыркүйегінде басталған. Кеше түнде соңғы турдағы ойындары өтіп, плей-офф додасының алғашқы сатысында кездесетін командалар жұбы анықталды. Енді, 16 клуб сегіз жұпта Гагарин кубогы үшін додаға түсіп, жанкүйерлерін қызыққа бөлейтін болады.

Құрамында легионерлері көп (Қазақстан азаматтығын алғандары да бар, алмағандары да бар) "Барыс" клубы биылғы маусымды аса жоғары деңгейде өткізді. 62 ойыннан 86 ұпай жинап, "Шығыс" конференциясында екінші орынға ие болды. Ал Чернышев дивизионында бірінші орынды меншіктеп, Құрлықтық хоккей лигасының жалпы кестесінде 5-орынға орналасты.

Негізі, бұл – "Барыс" үшін үлкен жетістік. Бұған дейін Астана клубы Құрлықтық хоккей лигасының жалпы кестесінде 7-орыннан жоғары көтеріліп көрмеген. 2013/2014 жылдар маусымында Ари-Пекка Селин мен Ерлан Сағымбаев жұбы жаттықтырған "Барыстың" құрамы 54 ойыннан 94 ұпай жинап, Чернышев дивизионында топ жарып, ҚХЛ-да жетінші орынға ие болған-ды.

Содан бері "Барыстың" жанкүйерлерін желпіндіріп отырғаны – осы. Жалпы, биыл ҚХЛ ұпай есептеу жүйесін өзгерткен. Атап айтқанда, бұрыныдай ойынның негізгі уақытында жеңіске жеткен командаға үш ұпай емес, екі ұпайдан ғана берді. Міне, осы өзгерістің арқасында "Барыс" жалпы кестеде 5-орынға ие болып отыр. Егер бұрынғыдай таза жеңіске үш ұпайдан берсе, Астана клубы биыл да 7-орыннан жоғары көтеріле алмас еді...

Иә, "Металлург" және "Ак-Барс" клубтарының ойынның негізгі уақытында жеңіске жеткен матчтарының сандары көбірек – 35 және 34. "Барыстың" таза жеңісі біршама аздау болса да (28 ойын), астаналықтар овертайм мен буллитте бес ойыннан 10 рет жеңіске жетті. Жиырма ұпайды осылай алды. Сондай-ақ овертайм мен буллиттегі жеңілістері де аз емес (4 және 6). Яғни бұлардың әрқайсысынан бір ұпайдан еншіледі.

Сонымен, "Барыс" биыл Құрлықтық хоккей лигасының "Шығыс" конференциясында екінші орынға ие болды. Мұның, яғни өз конференциясында неғұрлым жоғары орналасудың пайдасы зор. Біріншіден, өзінен төмен орналасқан командамен кездеседі. Екіншіден, плей-офф додасын өз айдынында бастайды. Үшіншіден, екеуара матчтар жеті ойынға созылса, соңғы шешуші матчты өз жанкүйерлері алдында өткізеді.

Жоғарыда жазғанымыздай, "Барыс" биыл плей-оффтың бірінші сатысын "Шығыс" конференциясында 7-орынға ие болған "Торпедо" (Нижний Новгород) клубымен бастайды. Маусым барысында астаналықтар бұл командамен екі рет кездескен. 9 қыркүйек күні түзде өткен матчта ресейлік клуб овертаймда 6:5 есебімен жеңіске жеткен-ді. Ал елорда клубы 14 қыркүйекте өз айдынында 4:1 есебімен басым түскен.

Қазір "Торпедо" (Нижний Новгород) клубын Канаданың жас маманы Дэвид Немировски жаттықтырады. Бір қызығы, ол 2009/2010 жылдар маусымында "Барыс" сапында ойнаған. Қазіргі оның командасы туралы қысқаша ғана айтар болсақ, "Торпедо" – ҚХЛ-дағы қорғанысы осал командалардың бірі. Қақпашылары да сенім үдесінен шыға алмай жүр. Биыл бес қақпашыға сенім артып көрді...

Екі клубтың кейбір статистикалық деректерін салыстырып көрер болсақ, "Барыс" 62 ойында 190 гол соғып, өз қақпасына 149 шайба жіберіп алды (86 ұпай). Ал "Торпедоның" мұндай көрсеткіштері: 176-193 (64 ұпай). Осы ретте айта кетейік, ҚХЛ-да биыл "Слован" клубы ғана "Торпедодан" көп гол жіберді (213 шайба). Яғни Нижний Новгород клубының ең осал тұсы – қорғанысы.

Жалпы, "Барыс" пен "Торпедо" арасындағы дода төрт жеңіске дейін созылатын болады. Екі команда 26 және 28 ақпан күндері Астанада додаға түссе, 2 және 4 наурыз күндері Нижний Новгородта кездеседі. Осы төрт ойында жеңімпаз анықталмаса, екеуінің біреуі төрт рет жеңіске жеткенше, 6 наурызда Астанада, 8-інде Ресейде, 10-ында қайтадан елордада мұзайдын додасын қыздыратын болады. 

Сонымен, Гагарин кубогының алғашқы електік сатысында кездесетін жұптар:

"Шығыс" конференциясы

"Автомобилист" (1) – "Трактор" (8)

"Барыс" (2) – "Торпедо" (7)

"Металлург" (3) – "Салават Юлаев" (6)

"Авангард" (4) – "Ак Барс" (5)

"Батыс" конференциясы

ЦСКА (1) – "Витязь" (8)

СКА (2) – "Спартак" (7)

"Локомотив" (3) – "Сочи" ХК (6)

"Йокерит" (4) – "Динамо" Мәскеу (5)

"Шығыс" конференциясының турнирлік кестесі

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу