Барыс латыштарды тізе бүктіріп, 5-орынға көтерілді

1721

Осы күнге дейін астаналық клуб 6-орыннан жоғары көтерілген емес.

Барыс латыштарды тізе бүктіріп, 5-орынға көтерілді

Құрлықтық хоккей лигасының "Шығыс конференциясындағы" турнир кестесіне бір қарағанда, плей-оффқа шығатын командалар анықталып қойғандай көрінеді. Алайда олай емес, әр тур сайын ойындар қыза түсіп, күтпеген жағдайлар, сенсациялар көбейе түсті.

Букмекерлік компаниялардың өздері аң-таң, әлеуметтік желілерде көп қателесе қоймайтын кей мықты топтың өзі қателесіп жатыр. Мәселен, өткен турда Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында әлеуметтік желідегі топтардың бірі 100 пайыздық жеңетін ставкаларын сатып, көп адам бірталай қаражатынан айрылған болатын. Қай кезде болмасын қателеспей, тура тауып жүрген топқа әрине жанкүйерлер сеніп үйреніп қалған, бірақ бір қателігін оңайлықпен кешіре қоймасы анық. Енді сотқа береміз деп әлеуметтік желіде жанжалдасып жатқан жайлары бар.

Ханты-Мансийскінің "Югра" клубы өткен турда Латвияда "Динамо Ригаға" қарсы ойнаған болатын. Ойындардың нәтижесін алдын ала болжап отыратын әлеуметтік бір топ, бұл матч 2:1 себімен "Юграның" пайдасына шешіледі деген. Бірақ ойын соңында есеп 2:1-ді көрсеткен, тек булиттен кейін латыштардың жеңісімен аяқталған. Сондықтан матч болмай жатып, әркез біреудің болжамына көзді жұмып қойып, қосыла беруге болмайды.

Сол сияқты букмекерлік кеңселерде де талай ұтылып, жылап кеткендерді көріп жүрміз. Әрине бұл да ақша табудың бір көзі шығар, бірақ соңғы ақшаңды бәске тіксең, жеті рет ойланып, өлшеп барып, кескен дұрыс шығар.

Астананың "Барысына" осы букмекерлерлік кеңселер орта есеппен алғанда 2,00 коэфицентін берген, ал айдын иелері Риганың "Динамосына" 3,30 және тең ойын 1,84 коэфиценті белгіленген. Байқасаңыз, бұл бәс қателеспеді. Барыс расында латыштарды жерге қаратып кетті.

Риганың "Динамосы" Батыс конференциясында соңғы орында тұрғанына қарамастан соңғы үш ойын бойы жеңіліп көрмеген екен, оның үстіне жанкүйерлер алдында ұятқа қалмау үшін әрине жеңуге тырысады. Бірақ "Барысқа" шамасы келмей жатыр. Латыштар бұған дейін де өз айдынында "Барыстан" екі рет ұтылған. Енді, міне, үшінші рет қазақтар алдында тізе бүгуге мәжбүр. Бұл матчты тамашалауға "Арена-Рига" спорт сарайына 4 мыңнан аса адам жиналған. Өкінішке қарай, бірінші кезеңнен кейін сол жанкүйерлердің біразының жүйкесі тозып, аренадан кетіп қалып жатты. Өйткені 1-кезең 1:0 есебімен "Барыстың" пайдасына шешілген болатын. Голдың авторы Роман Старченко, оған Шалапов нәтижелі пас шығарып берді. Алайда үзілістен соң латыштар есепті теңестірді. Индрашис гол соқты 1:1.

Екінші кезеңнің аяқталуына 4 минуттай қалғанда, "Барыс" есепте тағы алға шықты. Айдын иелері 4 ойыншымен қалған сәтті біздікілер ұтымды пайдаланып кетті. Сөйтіп Боченскидің қатысуымен Найджел Доус есепті өзгертті (1:2). Бұдан соң Доустың өзі нәтижелі паспен көзге түсті. Дастин Бойд мүлт кетпеді (1:3).

Ал ригалықтар матчтың соңында әйтеуір бір шайба дарытып, есеп айырмашылығын қысқартуға ғана уақыты жетті. Осылайша Риганың "Динамосын" 3:2 есебімен негізгі уақытта жеңген "Барыс" 3 ұпай еншілеп, турнир кестесінде 5-орыннан бір-ақ шықты. Құттықтаймыз!

Енді астаналықтарда 7 матч қалды, плей-оффқа шығу үшін соның жоқ дегенде үшеуін жеңсе, жетіп жатыр. Өйткені 9-10-шы орындарда тұрған "Сібір" мен "Автомобилисте" 70 ұпайдан бар. Ал біздің қоржынымызда 81 ұпай. Олар соңғы 7 ойынның бәрін жеңгеннің өзінде 91 ұпай жинайды екен. Ал қалған матчтың бәрін жеңіп шығатынына күмәніміз бар, оның үстіне олардың алдағы қарсыластары да осал емес. Омбылық "Сібірдің" соңғы ойындары мына командалармен: "Лада" Тольятти, "Куньлунь" Бейжің, "Адмирал" Владивосток, "Амур" Хабаровск, "Барыс" Астана, "Югра" Ханты-Мансийск және басты қарсыласы "Автомобилист" Екатеринбор.

Ал Екатеринбордың "Автомобилисіне" қарсы шығатындар: "Динамо" Рига, "Динамо Минск", "Динамо Рига" (латыштармен екі ойын өткізеді), "Йокерит" Хельсинки, "Металлург" Новокузнецк, "Авангард" Омбы облысы және өзінің негізгі қарсыласы Омбының "Сібір" командасымен 18 ақпанда ойнайды.

Осы матчтың бәрі тартысқа толы болатыны түсінікті, неге десеңіз қай команда болмасын плей-оффқа өзін лайықты санайды. Біз де өз "Барысымызды" үздік 16 команданың арасынан көргіміз келеді. Сол үшін "Барыс" та соңғы қалған жеті ойында ұятқа қалдырмас деп сенеміз.

Біздің келесі ойындарымызға келсек, Минскінің "Динамосымен" екі матч сырт айдында және Астанада өткіземіз, Риганың "Динамосымен" өз айдынымызда тағы бір кездесу күтіп тұр. Бұдан соң негізгі бәсекелесіміз – Омбының "Сібірі" бізге келеді. Біздің топтағы ең осал команда Новокузнецкінің "Металлург" клубы да Астанаға келеді және ең қиын матч Омбы облысының "Авангард" хоккейшілерімен болатын ойын. "Авангард" біздің топта 2-орында келе жатқан команда екенін ұмытпайық. Бірақ соңғы рет "Барыс" оларды 3:1 есебімен ұтып кеткен болатын.

Бас бапкеріміз Эдуард Занковец те латыштармен болған матчтан кейін баспасөз отырысында өз командасына сенімді көрінді: "Біз өз қарсыластарымызға құрметпен қараймыз, Риганың "Динамосы" қай командаға болмасын мықты қарсылас. Бірақ біз бұл жерден олжалы қайтуды көздедік. Сол себепті шығар тым жауапкершілікпен қарадық, ойында еркіндік сезілмеді. Қиын матч болды, бұл ойын жүйкені жұқартып жіберді. Біздің команданың құрамы қазіргі таңда бір-бірін жақсы түсінетін ойыншылардан тұрады, меніңше әр ойыншы өз орнына лайықты. Талғат Жайлауов, Евгений Рымаревтердің неге Торпедода жүргенін журналистер сіздер де, интернет парақшамыз арқылы жанкүйерлер де жиі сұрайсыздар, бірақ меніңше біздің қазіргі құрамдағы хоккейшілер олардан мықты болмаса, кем ойнамайды. Түсінемін, Қазақстан хоккейіне мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп жатыр, тіпті "Барыстың" өз аренасы да бар. Осы спортпен шұғылданып жатқан балалар қаншама. Дегенмен менің негізгі мақсатым – команданы плей-офф кезеңіне шығару. Ал қазіргі "Барыстың" ойыны кімді болса да қуантарлығы анық", – деп отыр беларусьтік маман.

Шынымен "Барыстың" жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүргеніне ешкім күмән келтіре алмасы анық, дегенмен де жанкүйерлер өз командасының құрамында жергілікті ойыншылардың көбірек болғанын қалайтынын жасыра алмаймыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу