"Барыс" "Локомотивтен" минималды есеп айырмашылығымен жеңілді

1373

Елордалық команда қатарынан үшінші матчта жеңіліс тапты.

"Барыс" "Локомотивтен" минималды есеп айырмашылығымен жеңілді

Қонақтағы матчтар сериясының ақтық кездесуінде "Барыс" "Локомотивтен" 3: 4 есебімен ұтылды. Елордалық команда матчты жақсы бастады және екі гол айырмашылығымен алға шықты. Кёртис Волк кездесудің 10-минутында есеп ашса, сәл кейінірек Якоб Берглунд айдын иелерінің қақпасын дәл көздеп, есепті еселей түсті. Бірақ үзіліске дейін "Локомотив" таблодағы көрсеткішті теңестірді. Бұл жолы Александр Полунин мен Павел Кудрявцев көзге түсті.

Екінші кезеңнің басында Егор Коршков айдын иелерін алға шығара алар еді. Бірақ шабуылшы айып добын орындау барысында Йони Ортионың осал тұсын таба алған жоқ. 35-минутта Даррен Диц сол жақ шеңберден қақпаға дәл соққы жасады. Бұған "Локомотив" бірден жауап берді. Кезекті қарсы шабуылда Артур Каюмов гол соқты.

Соңғы үшінші кезеңде Полунин дубль жасап, өз командасына екі ұпай әкелді. Ал Юрий Михайлис шәкірттері қонақтағы серияның үш кездесуінде де ұтылды.

"Локомотив" - "Барыс" (4: 3) матчынан кейін командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

"Бұл сырт алаңдағы үшінші жеңіліс. Өкінішті, әрине. Біз барымызды саламыз, соңына дейін күресеміз. Бәлкім, ойыншылар кейбір сәттерде мұқият болмаған шығар. Содан кейін жеңісті уысымыздан шығарып алдық", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.

Ал "Локомотивтің" бас бапкері командасының жеңіске жеткеніне қарамастан ойынға аса көңілі толмайтынын айтты.

"Түсініксіз ойын болды. Командалардың ешқайсысы матчтың барысын бақыламады. Бірінші кезең нашар өтті. Екіншісі кезеңде командамыз ойынды бақылауда ұстады. Ал үшіншісінде біздің хоккейші голды уақытында соқты. Ең бастысы жігіттер соңына дейін күресті", - деді "Локомотивтің" бас бапкері Игорь Никитин.

Келесі кездесуін "Барыс" 6 қазанда өз алаңында "Авангардқа" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу