"Барыс" маусымдағы соңғы матчты жеңіспен аяқтады

909

Маусымның соңғы матчында "Барыс" "Сібір" командасымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Барыс" маусымдағы соңғы матчты жеңіспен аяқтады Фото: olympic.kz

Айдын иелері 27-минутта есеп ашты. Дэвид Скленичка бірнеше қарсыластардан сытылып өтіп, Аркадий Шестаковқа пас шығарды. Командамыздың 64-ші нөмірлі ойыншысы маусымдағы 15-ші шайбасын соқты. Одан кейін командалар өткір шабуылдармен алмасты. Дегенмен таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ. Нәтижесінде Шестаковтың голы матчта соғылған жалғыз гол болды. Андрей Шутов қақпасына бағытталған 38 соққыны қайтарды.

Маусымдағы соңғы ойынның қорытындысы бойынша "Барыс" 68 ойыннан кейін 50 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде соңғы орында қалды. 68 матчтың қорытындысы бойынша "Сібір" 67 ұпай жинап, оныншы орынға тұрақтады. Өкінішке қарай, екі клубтың да плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі жоқ.

Дегенмен "Барыстың" қазақстандық хоккейшілері үшін маусым толық аяқталған жоқ. Олардың біразы Қазақстан чемпионатында "Номад" фарм клубында өнер көрсетсе, сондай-ақ барлығы дерлік мамыр айында өтетін элиталық дивизиондағы әлем чемпионатына барады. Құрама алдында топта кем дегенде Польшаны жеңу міндеті тұр. Бұдан бөлек командамыз Канада, Германия, Швеция, Словакия, Латвия және Франция құрамалырмен де кездеседі.

Айта кетейік, осы маусымда елордалық хоккей клубы үш мәрте бас бапкерді ауыстырды. Нәтижесінде қатарынан 12 рет жеңіліске ұшырады. Антирекорд орнатып, екінші жыл қатарынан Шығыс конференциясында тұрақты маусымды соңғы орында аяқтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу