Биылғы маусым басында "Авангард" клубы үйдегі ойындарын өткізетін мұзайдын таппай, біраз сергелдеңге түскен. Себебі, Омбы қаласындағы хоккей аренасы халықаралық талапқа сай болмай шықты. Сарапшылар "Омбы-Аренаны" егжей-тегжей тексерістен өткізіп, инженерлік жүйелерін апаттық жағдайда деп бағалады. Естуімізше, фундаменті жарылған...
Содан "Авангард" клубының басшылары көп ойланып-толғанып, үйдегі ойындарын Мәскеу түбіндегі "Балашиха-Арена" мұзайдынында өткізетін болып шешті. Әрі команданы барлық қызметшілерімен қоса көшіруге мәжбүр болды. Бір қызығы, Балашиха аренасын таңдап алғанша, "өз айдынындағы" ойындарын Астанада өткізу мәселесін де қарастырған болатын...
Тіл-көзіміз тасқа, ал "Барыста" бәрі бар. Бір емес, тіпті екі мұзайдыны сыңғырлап тұр. Легионерлерінің саны... Гагарин кубогының екінші сатысына шыққан клубтардың қайсысымен салыстырсаңыз да, бәрінен асып түседі. Қысқасы, қарны тоқ, жейдесі көк. Рас, түздегі ойындарда киетін жейдесінің түсі – ақ. Бірақ ол да әдемі. Ресейдің қай қаласына барса да, "Қазақстан алға!" деп қиқу салатын жанкүйерлері де аз емес...
Енді Құрлықтық хоккей лигасындағы бүгінгі жағдайға келер болсақ, сайдың тасындай іріктелген сегіз команда Гагарин кубогының екінші сатысына шыққан. "Батыс" конференциясындағы ойындар кеше басталып кетті. Ал "Барыс" хоккейшілері "Шығыс" конференциясының жартылай финалында, жоғарыда аталған Омбының "Авангардымен" додаға түседі. Бірінші ойын – бүгін.
"Барыс" Гагарин кубогының алғашқы електік сатысында Нижний Новгород қаласының "Торпедосымен" кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жеткен болатын. Көпшілік күткендей, алғашқы қарсыласын "қалпақпен ұрып" ала алмай, біраз тер төгуге мәжбүр болды. Ресейге үш рет барып, ұзын саны жеті ойын өткізді – 4:1, 5:4 ОТ, 1:3, 4:5 ОТ, 3:1, 1:3, 3:2.
Ал "Авангард" болса, шайбалы хоккей мамандарының бәрін таң қалдырып, азуы алты қарыс "Ак-Барсты" төрт ойында тізе бүктірді. Былтыр ғана Гагарин кубогын жеңіп алған Татарстан клубын бұйым құрлы көрмеді. Балашихада 6:0 және 6:3 есептерімен талқандап, Казанда 4:1 және 3:2 есептерімен шежіресі мол команданы сан соқтырып кетті.
"Барыс" енді омбылықтармен "шайқасады". Жалпы, "Аванград" Құрлықтық хоккей лигасының негізгі додасында (жыл сайынғы чемпионатында) астаналықтардан төмен орналасқан болатын. Нақырақ айтқанда, 62 ойыннан 83 ұпай жинап, "Шығыс" конференциясында 4-орынға орналасқан. Ал "Барыстың" 86 ұпаймен 2-орынға ие болғанын өздеріңіз де білесіздер.
Бірақ "Авангард" – тәжірибесі мол, азулы команда. Плей-офф сатысында түлеп шыға келетін, әлеуеті зор ұжым. Бас бапкері Хартли Боб – Канаданың білікті маманы. Биылғы Гагарин кубогының бірінші сатысында "Ак-Барстың" әйгілі жаттықтырушысы Зинэтула Билялетдиновтен айласын асырып кеткендігінің өзі неге тұрады?!
Жалпы, "Барыс" пен "Авангард" Құрлықтық хоккей лигасында, яғни 2008 жылдан бергі 11 маусымда 46 рет кездескен екен. Астана клубы осы матчтардың 15-інде ғана жеңіске жеткен. Қалған 31 ойында Омбы командасының асығы алшысынан түскен. Шайба айырмасы – 112-141. Әрине, жеңісі көп омбылықтар мұнда да басым болып тұр.
Биылғы маусымда "Барыс" Омбы клубымен төрт рет кездесті. Өкінішке қарай, төртеуінде де есе жіберіп алды. Бір рет ұтылып, үш рет буллитте бағы жанбады:
18 қыркүйек, 2018 жыл:
"Барыс" – "Авангард" – 3:4 Б
14 қазан, 2018 жыл:
"Авангард" – "Барыс" – 5:3
30 желтоқсан, 2018 жыл:
"Авангард" – "Барыс" – 4:3 Б
16 ақпан, 2019 жыл:
"Барыс" – "Авангард" – 1:2 Б
Бұл – чемпионат барысындағы нәтижелер. Ал Гагарин кубогында қалай болады? Ол белгісіз. Оның жауабын бүгіннен бастап білетін боламыз. Екі команда арасындағы мұз айдын додасы төрт жеңіске дейін созылады. Енді шектен тыс тартысты ойындар (оған күмән келтірмейміз) күнтізбесіне көңіл аударайық:
"Барыс" – "Авангард" – Астана, 14 және 16 наурыз
"Авангард" – "Барыс" – Балашиха, 18 және 20 наурыз
"Барыс" – "Авангард" – Астана, 22 наурыз (қажет болса)
"Авангард" – "Барыс" – Балашиха, 24 наурыз (қажет болса)
"Барыс" – "Авангард" – Астана, 26 наурыз (қажет болса)
Маруан Түсіп