Елордалық "Барыс" хоккей клубы Қазақстан Президенті кубогінің екінші айналымында Нижнекамскінің "Нефтехимигін" ұтты. Нұр-Сұлтандағы кездесу 3:0 есебімен Андрей Скабелка шәкірттерінің пайдасына аяқталды. Екінші кезеңде 27-минутта қазақстандық клубты Михаил Рахманов алға шығарды. Үшінші кезеңде, яғни 50-минутта "Барыстың" басымдығын Линден Вэй арттыра түссе, Дінмұхамед Қайыржан 52-минутта есепті 3:0-ге жеткізді.
Осылайша, "Барыс" ҚХЛ жаңа маусымы алдындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
18 тамыз турнирде демалыс күні. Ал 19 тамыз күні сағат 19:30-да "Барыс" пен Магнитогорскінің "Металлург" командалары арасында турнирде бірінші орын үшін кездесу өтеді.
Сонымен қатар бүгін күндізгі сессияда магнитогорскілік "Металлург" Қазақстан Президенті кубогында екінші ойында жеңіске жетті. "Металлург" екінші айналымда Екатеринбургтің "Автомобилистінен" басым түсті – 2:1. Кездесудің үшінші минутында Филипп Майе "Автомобилист" қақпасына алғашқы голды соқса, 17-минутта Семен Кошелев магнитогорлықтардың басымдығын еселеді. Екінші кезеңнің басында "Автомобилист" сапынан Василий Феляев мергендігімен көзге түсті. Осылайша, "Гагарин кубогі – 2022" финалисті атанған "Металлург" екінші жеңісінен кейін Нұр-Сұлтандағы турнирдің көшбасшысы атанды.
Ермұхамед Мәулен