"Барыс" өз айдынында "Сочиді" жеңді

1762

Бүгін "Барыс" командасы "Сочиге" жеңіске жетуге еш мүмкіндік қалдырмады. 

"Барыс" өз айдынында "Сочиді" жеңді

"Барыс" төрт күнде өз алаңында үш кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстандық команданың бірінші қарсыласы "Сочи" болды. Батыс конференциясының үздік сегіздік құрамына қосылуға Андрей Назаровтың шәкірттері де үмітті. Олар соңғы бес кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Алайда соңғы турда сочиліктер Уфада "Салауат Юлаевтан" 0:5 есебімен ұтылып қалды. 37 матчтан кейін Ресей құрамасының қоржынында 34 ұпай бар. Бұл оған ҚХЛ Батыс конференциясының турнирлік кестесінде оныншы қатарға жайғасуға мүмкіндік берді.

Ал "Барыс" Татарстанға жасаған сәтті сапарынан кейін турнирлік кестедегі жағдайын сәл жақсартты. Дүйсенбіде қазақстандықтар соңғы жеті жылда алғаш рет Қазанда "Ақ Барысты" негізгі уақытта 2:1 есебімен ұтты. 35 рет сейв жасаған қақпашы Йони Ортио елордалық команданың жеңіске жетуіне орасан зор үлес қосты.

Өткен ойынмен салыстырғанда "Барыс" құрамында өзгерістер орын алған жоқ. Айдын иелері алғашқы минуттарды белсенді өткізгендерімен, қонақтар бірінші болып есеп ашты. Бірақ үзіліске "Барыс" көшбасшы ретінде кетті. Алдымен Әлихан Әсетов бүгінгі туған күн иесі Джо Морроудың шығарған пасынан кейін есепті теңестірді. Біраз уақыттан кейін Роман Савченко есепті еселей түсті.

Екінші кезеңде алаң иелерінің 29 нөмірлі ойыншысы нәтижелі пас беріп, Якоб Лилья дубль жасады. Соңғы кезеңнің ортасында Кирилл Савицкий бесiншi голды "Сочи" қақпасына дәл бағыттады. Соңғы минутта қонақтар сапынан Яникс Якс есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды есеп 5:2.

10 желтоқсанда "Барыс" өз алаңында қытайлық "Куньлунь" командасын қабылдайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу