"Барыс" өз айдынында жеңіліп қалды

1339

"Барыс" пен "Ақ Барс" арасындағы матч 1:3 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Елордалық клубтың қарсыласы осы кездесуден кейін конференция көшбасшысына айналды.

"Барыс" өз айдынында жеңіліп қалды

Жұма күні "Барыс" осы аптада екінші рет "Ақ Барспен" матч өткізді. Бапкерлер құрамы "Йокеритпен" ойындағыдан кейін хоккейшілер құрамында бір ғана өзгеріс жасады - Кирилл Панюковты Павел Акользин алмастырды.

Есепті айдын қожайындары ашты. Никита Михайлис Якоб Лилияның лақтырған шайбасын қақпаға дәл бағыттады. Ал "Ақ Барс" командасы Кирилл Петровтың соққысымен жауап берді. Үшінші кезеңнің басында Дмитрий Юдиннің шайбасы "Ақ Барсты" алға шығарса, Виктор Тихоновтың голы кездесуді қорытындылады - 1: 3. Осы ойыннан кейін "Барыс" 16 ұпаймен Шығыс конференциясының тоғызыншы орынында қалды. "Ақ Барс" өз кезегінде 30 ұпай жинап, үшінші орыннан бірінші орынға көтерілді.

Естеріңізге сала кетсек, Қазан қаласында өткен командалардың алғашқы ойынында астаналықтар овертаймда 1: 0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бірақ бұл жолы "Ақ Барс" қазақстандық команданы айқын басымдылықпен жеңді.

Матч аяқталған соң екі команданың бапкерлері ойынға қатысты өз пікірлерін білдірді.

"Әрине, жеңіске жеткеніміз үшін қуаныштымыз. Жақында Қазан қаласында тағы бір осындай жақсы ойын өткізгенбіз. Бүгін де ойынды тамаша өткіздік деп ойлаймын. Меніңше, біз бүгін сәл ширақтау қимылдадық. Бұл біздің жеңісімізге өз әсерін тигізбей қоймады. Жігіттердің соңғы матчтағы жеңіліске деген реакциялары жақсы болды", - деді "Ақ Барс" ХК-ның бас жаттықтырушысы Дмитрий Квартальнов.

Ал, елордалық хоккей клубының бас бапкері қарсыластардың қорғаныста өте мықты ойнағанын ерекше атап өтті.

"Жеңілістен кейін "Ак Барс" басқаша ойнайды деп ойладық. Біз үшін қиын ойын болды. Қарсылас басымырақ әрі сәл сергек болды. Ойын барысында кейбір сәттерде біз үлгеріп жаттық, ал тағы бірде қақпашы көмектесті. Бірақ бірінші гол менің ойымша ақылға сыймайтындай болды. Біздің ойынымыздың жоспары бұзыла бастады. Қарсыластың қарқынына ілесе алмадық. Қонақтар шайбаға көбірек иелік етті. Соңында жағдайды жақсартықымыз келді. Бірақ "Ақ Барс" бізге мүмкіндік бермеді. Біз өз аймағымызға иелік еттік, бірнеше ойыншымен біріге отырып шабуылдадық. Бірақ қарсыластар қорғаныста жақсы ойнады", - деді "Барыстың" бас жаттықтырушысы Юрий Михайлис.

Жексенбіде "Барыс" Новосібір - Сочи бағыты бойынша қысқа сапарға шығады. Юрий Михайлис шәкірттері келесі ойынды 26-қазанда "Сібірге" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу