Қазіргі таңда подольскілік команда Батыс конференциясының турнирлік кестесінде соңғы орында келеді. "Витязь" тұрақты маусымда барлығы сегіз матчта жеңіске жетіп, 26 ұпаймен елордаға келді. Өткен турда Юрий Бабенко шәкірттері жеңілістер сериясына нүкте қойып, сырт алаңда буллиттер сериясында "Салауат Юлаветы" 3:2 есебімен жеңді. Негізгі уақытта ҚХЛ-дың үздік шабуылшысы Нико Оямяки мен Илья Аркалов көзге түскен болатын.
Ал "Барыс" соңғы ойында өз айдынында "Торпедоны" жеңді. Якоб Лилья дубль жасап, Коди Куник пен Линден Вей де көзге түсті. Ойыншыларға келер болсақ, Даррен Диц пен Олле Альсинг жарақаттан кейін кеше алғашқы жаттығуларын өткізді. Сонымен қатар бүгінгі ойынға Кирилл Савицкий қатыса алмады. Себебі ол соңғы "Торпедомен" өткен ойында жарақат алды.
Командалар өткен маусымда екі кездесу өткізіп, екеуінде де қазақстандық команда қосымша уақытта жеңіске жеткен болатын. Бүгінгі матч биылғы маусымдағы "Барыс" пен "Витязьдің" алғашқы кездесуі. Бұл жолы елордалық команда өз айдынында жеңіліс тапты.
Алғашқы кезең қонақтардың пайдасына аяқталды. Құрлықтық Хоккей Лигасының үздік сұрмергені Нико Оямяки алғашқы болып есеп ашты. Екінші кезеңде "Барыс" басымдық танытып, қарсыластар қақпасына толасыз шабуылдар ұйымдастырғанымен, гол соға алмады. Бірақ есесіне қонақтардан Иван Володин гол соғып, есепті еселей түсті – 0:2.
Кездесудің 30-минутында "Барыс" сапынан Томас Юрчо Құрлықтық Хоккей Лигасындағы алғашқы голын соғып, есеп айырмасын қысқартты. Кездесудің аяқталуына 3 минуттай уақыт қалғанда қазақстандық команданың бас бапкері Юрий Михайлис 30 секундтық үзіліс алды. Нәтижесінде бас бапкер қақпашының орнына бесінші ойыншыны шығаруды жөн санады. Бірақ бұл өз нәтижесін бермеді. Керісінше, қонақтар шабуылды күшейтті. Қазақстандықтардың бос қақпасына Федор Малыхин гол соғып, кездесудің нүктесін қойды. Осылайша Падольскіден келген ұжым жеңіске жетті. Қорытынды есеп 1:3.
Енді 2 желтоқсанда "Барыс" өз алаңында Мәскеудің "Динамосын" қабылдайды.
Ермұхамед Мәулен