"Барыс" плей-офф аймағындағы орнын сақтап қалды

1516

Халықаралық үзіліс алдындағы соңғы кездесуде "Барыс" командасы "Нефтехимиктен" 1:3 есебімен жеңілді.

"Барыс" плей-офф аймағындағы орнын сақтап қалды

Бүгінгі ойында Томаш Юрчо, Якоб Берглунд және Олле Альсингтер "Барыс" сапына қайта оралды. Бірінші кезең тамаша жылдамдықпен өтті. Бірақ есеп бірден ашылмады. Оған қоса Томаш Юрчо мен Булат Шафигуллиннің арасында жанжал туындап, екеуі де дөрекі ойнағандары үшін екі минутқа айдыннан қуылды. Есеп екінші үзіліске аз уақыт қалғанда ашылды. Михаил Сидоров Йони Ортиодан айласын асырып, оң жақ шеңберден қақпаға дәл соққы бағыттады. Александр Севостьянов көк сызықтан шайбаны қақпаға тура бағыттап, қонақтардың басымдығын нығайта түсті.

Қазақстандық команда сапынан Якоб Берглунд үшінші кезеңнің ортасында "Нефтехимик" қақпасына гол соқты. Кездесу соңында "Барыс" бірнеше өте қауіпті сәттер ұйымдастырғанымен, шайба қақпадан табылмады. Ал матчтың 59 минутында Павел Порядин бос қақпаға гол соғып, кездесудің нүктесін қойды.

Матчтан кейін командалардың бас бапкерлері ойынға қатысты пікір білдірді.

"Жігіттерді, жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын! Бұл біз үшін өте маңызды және көптен күткен жеңіс. Барымызды салып ойнадық. Ойын соңында біздің қақпа жақта қауіпті сәттер көп болды. Бірақ жігіттер төзімділік танытты. Енді келесі кездесуге дайындаламыз", – деді "Нефтехимик" ХК бас бапкері Олег Леонтьев.

"Жанкүйерлерімізге рахмет! Бүгін трибунадағы жанкүйерлер командаға тамаша қолдау көрсетті. Ал команда жақсы ойынымен қуантты. Хоккейшілеріміз жылдам қимылдап, белсенді болды. Гол соғатын мүмкіндіктер көп болды. Бірақ шайба қарсыластар қақпасынан табылмады. Жалпы жігіттер тек жақсы нәтиже көрсету үшін тырысып, барын салып ойнады", – деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.

"Барыс" - "Нефтехимик" 1:3 (0:0, 0:1, 1:2)

0:1 – 37:44: Сидоров (Хайруллин, Митякин)

0:2 – 47:23: Севостьянов (Гиматов)

1:2 – 50:04: Берглунд (Альсинг, Юрчо)

1:3 – 59:52: Вихарев ПВ

ҚақпашыларОртио – Туохимаа

Айта кетейік, "Барыс" пен "Нефтехимик" арасындағы алғашқы ойын 4 желтоқсанда өтіп, 4:2 есебімен елордалықтардың пайдасына аяқталған болатын. Бірақ бүгін ресейлік команда есе қайтарды. Дегенмен бүгінгі жеңіліске қарамастан "Барыс" 38 ұпаймен плей-офф аймағындағы орнын сақтап қалды. Ал "Нефтехимик" қоржынында 37 ұпай бар. Келесі матчы елордалық ұжым 21 желтоқсан күні "Автомобилиске" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу