Сырт айдындағы ойындар сериясынан соң "Барыс" "Шығыс" конференциясындағы жағдайын жақсартып келді. Нижнекамск қаласының "Нефтехимигі" үздік сегіздікке енуіне азғантай ғана мүмкіндігі қалып еді. Егер жеңіске жеткен жағдайда плэй-офф ойындарына қатысатыны белгілі болғандықтан, "Барыс" хоккейшілерінің бұл матчтағы ерік-жігері ғаламат еді.
Бірінші периодта қос команда 16 рет соққы жасағанымен, таблодағы көрсеткіштер еш өзгермеді. Ал екінші 20 минуттық бастала салысымен Дарен Диц есеп ашты. Ол өте жылдам ұйымдастырылған шабуылға нүкте қойды. Үшінші периодта "Нефтехимик" ойыншысы Мэтт Уайт таразы басын теңестіріп кетті. Ал 50-минутта Антон Сагадеев елордалық хоккейшілерді есепте алға шығарды. Жеңісті нәтижені сақтап қалғысы келген "Барыс" қорғанысқа қатты мән берді. Қақпашы Эдуардо Паскуаленің бұл ойында команданы құтқарған сәттері өте көп болды.
54 ойында 71 ұпай жинаған "Барыс" "Шығыс" конференциясының плэй-оффқа өткен үшінші командасы болып тіркелді. Осыған дейін "Ақ Барс" пен "Авангард" командалары да жолдама алған еді.
Ермұхамед Мәулен