"Барыс" сырт алаңдағы төрт матчтық серияны "Салават Юлаевпен" өтетін кездесумен аяқтайды.
Бүгін, сенбі 29 қазан күні "Барыс" Шығыс конференциясының көшбасшыларының бірімен кездеседі. Виктор Козловтың шәкірттері қатарынан бес кездесуде жеңіске жетті. Ал соңғы екі кездесуде "Салават" басты қарсыласы "Ак Барсқа" жеңіске жетуге еш мүмкіндік қалдырмады. Сәрсенбі күні уфалықтар өз айдынында 4:1 есебімен қарсыластарын тізе бүктірді.
Бұл матчта команданың үздік бомбардирі Сергей Шмелев (18 ұпай, 9+9) дубль авторы атанса, Иван Дроздов пен Владислав Картаев тағы бір голдан соқты. Қақпашы Илья Ежов қақпаға бағытталған 31 соққыны қайтарып, қырағылық танытты. Ойыннан кейін Башқұртстан астанасынан келген команданың бас бапкері мұндай жекпе-жектердің нәтижесін болмашы нюанстар шешетінін тілге тиек етті.
22 кездесуден кейін "Салават Юлаевтың" қоржынында 31 ұпай бар. Бұл конференцияда екінші орынға жайғасуға мүмкіндік береді. Джошуа Хо-Санг жарақат алғандардың тізімінде. Яғни бүгінгі ойында оны айдыннан көре алмаймыз. Ал алдағы Челябинскіде өтетін "Жұлдыздар апталығына" команданың бірден үш ойыншысы қатысады. Олар қақпашы Андрей Кареев, қорғаушы Райан Мёрфи және шабуылшы Саша Хмелевский.
"Барыс" соңғы турда жеңілістер сериясына нүкте қоюға біртабан жақын еді. Бірақ, "Сібірмен" болған жекпе-жекте новосібірліктердің пайдасына 4:3 есебімен аяқталған матчта қарсыластар қарқынына төтеп бере алмады. Линден Вэй бұл кездесуде маусымдағы 11-ші голын соғып, келесі күні "Жұлдыздар апталығында" ойнау мүмкіндігіне ие болды.
Дәл қазір ол Қазақстандағы ең нәтижелі ойыншы (17 ұпай, 11+6). Аркадий Шестаков пен Дінмұхамед Қайыржан маусымдағы алғашқы голдарын соқты. Ал Никита Бояркин "Сібірмен" болған ойында қақпаға бағытталған 33 соққыны қайтарған екен.
Бас бапкер Андрей Скабелка команда алдыңғы матчтарға қарағанда жақсы көрінгенімен, бәрібір оң нәтиже бермегенін айтты. 24 кездесудің қорытындысы бойынша астаналықтар 23 ұпай жинады. Нәтижесінде "Барыс" Шығыста 5-орынға жайғасты.