"Барыс" "Салават Юлаевты" еш қиындықсыз жеңді

1151

Бірер күн бұрын "Автомобилист" пен "Амурға" есе жіберген "Барыс" бүгін жеңілістер сериясына нүкте қойды.

"Барыс" "Салават Юлаевты" еш қиындықсыз жеңді Фото: hcbarys.kz

"Барыс" пен "Салават Юлаев" осы маусымдағы кездесулерін Астанада жалғастырды. Бұған дейін командалар екі мәрте Уфада кездесті. Бірінші матчта айдын иелері жеңіске жетсе (5:1), келесі кездесу қонақтардың еншісінде қалды (2:0). Виктор Козловтың шәкірттері "Барыстан" жеңілгеннен кейін, өз айдынындағы тағы екі матчта жеңіліс тапты. Уфалықтар соңғы ойынын "Сібірге" қарсы өткізіп, 1:2 есебімен жол берді. "Салават Юлаев" сапынан жалғыз голды Николай Кулёмин соқты. Қақпашы Андрей Кареев 24 соққыға тосқауыл бола білді. Ол қақпаға бағытталған соққыларды қайтару көрсеткіші бойынша Құрлықтық хоккей лигасындағы топ-5 қақпашының қатарында. Ойыннан кейін "Салават Юлаевтың" бас бапкері өз шәкірттерінің пас беруде көп қателесетінін және шабуылда агрессия жоқ екенін айтты. 

Маусымдағы 31 кездесуден кейін Башқұртстан астанасының командасы 41 ұпаймен Шығыс конференциясында төртінші орында келеді. Сергей Шмелев (11+10) – командадағы ең нәтижелі ойыншы. Жарақат алғандар тізімінде қорғаушы Райан Мёрфи, шабуылшылар Артём Пименов пен Джошуа Хо-Сэнг бар. 

Өткен сенбіде "Барыс" өз айдынындағы матчтар сериясын "Амурмен" бастап, 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Аңсар Шайхмедденов маусымдағы үшінші шайбасын соқты. Ұзақ үзілістен соң, Никита Михайлис алғашқы матчын өткізді. Юлиус Гудачек 27 соққыны кері қайтара білді. Андрей Скабелка алға қойған мақсаттарға жету үшін командасының басқаша ойын өрнегін көрсетуі керек екенін атап өтті. 

Өз алаңындағы матчтар серясының екінші кездесуінде "Барыс" "Салават Юлаевты" жеңді. Амурмен кездесуден кейін айдын иелерінің ойыншылар құрамында бірнеше өзгерістер орын алды. Алғашқы минуттардан бастап Никита Бояркин қақпадағы орын алды. Аңсар Шайхмедденов медициналық себептерге байланысты, сонымен қатар Кирилл Максимов пен Юрий Сергиенко ойынға қатыса алмады. Олардың  орнына айдынға Дінмұхамед Қайыржан, Батырлан Мұратов және Тамирлан Гайтамиров шықты.

Айдын қожайындары Кирилл Савицкийдің күшімен есеп ашты. Кезеңнің соңына қарай "Салават Юлаевтың" есепті теңестіруге мүмкіндігі болды. Бірақ Глеб Кузьмин Бояркиннен айласын асыра алмады. Екінші кезең қонақтардың басымдығымен өтті. Бірақ үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ.

Кездесудің 47-минутында Джереми Бракко астаналықтардың басымдығын нығайтты. Алайда, Уфа құрамасы олқылықтың орнын тез толтырды. Гол авторы Иван Дроздов. Алаң иелері бұған дубль жасаған Савицкийдің голымен жауап берді. Ал 57-минутта "Салаваттың" бос қақпасына гол соққан Линден Вей кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп 4:1.

23 қараша Андрей Скабелка шәкірттері Астанада "Ак Барсты" қабылдайды.

"Барыс" – "Салават Юлаев" 4:1 (1:0, 0:0, 3:1)

1:0 – 02:09 – Савицкий (Михайлис, Ножье)

2:0 – 46:52 – Бракко (Луис, Сагадеев)

2:1 – 48:34 – Дроздов

3:1 – 54:16 – Савицкий (Михайлис, Вей)

4:1 – 59:43 – Вей (Петухов)

ҚақпашыларБояркин – Ежов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу